Жаңалықтар

Ақтауда республикалық домбырашылар байқауы өтеді

Ақтауда республикалық домбырашылар байқауы өтеді
Фото: Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация қызметі 21.11.2024 20:43 339

Ақтауда қарашаның 21-22-сі күндері дәулескер күйші Сержан Шәкіраттың 85 жылдығына орай республикалық домбырашылар байқауы өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі otpannews.kz-ке сілтеме жасап. 

Бұл туралы брифингте М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармония директоры Данияр Сағынғалиұлы айтты.

Байқаудың мақсаты – асыл мұраны дәріптеп, өскелең ұрпақтың орындаушылық бағдарламасына Сержан Шәкіраттың орындауындағы күйлерін енгізу, домбырашылардың кәсіби деңгейін шыңдау. 

Байқауға 16-40 жас аралығындағы күйші қатыса алады. Байқау 2 кезеңнен тұрады. I кезеңде Абыл Тарақұлының «Абыл», Есір Айшуақұлының «Жалдықара», Өскінбай Қалмамбетұлының «Бұлбұл Ақжелең», Есбай Балұстаұлының «Өттің дүние», Құлшар Ерназарұлының «Кербез керік», Алым Жаңбыршының «Алым сазы» күйлері орындалады.

 II кезеңде Қартбай Қалқаманұлының «Күй басы», Есір Айшуақұлының «Ақжарма», Халық күйі «Нар идірген» (шалдың тартқаны), Есбай Балұстаұлының  «Терісқақпай», Өскінбай Қалмамбетұлының  «Жаңылтпаш», Қаршыға Ахмедияровтың «Сержан ақжелең» күйлері орындалады. Екі күнге созылатын өнер сайысына Астана, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе қалаларынан және Маңғыстау облысынан 20 үміткер қатысады. 

Байқауда қатысушыларға бірнеше әділқазы төрелік етеді. Олардың арасында Айтқали Жайымов, Айгүл Үлкенбаева, Кәрима Сахарбаева, Абдулхамит Райымбергенов, Абылай Тілепбергенов, Сержан Шәкрат, Аманбек Сүндетов, Айтберген Жаңбыршы сынды майталмандар бар. Байқаудың салтанатты ашылу рәсімі қарашаның 21-і күні сағат 11.00-де М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының залында өтеді, – деді Данияр Сағынғалиұлы. 

Брифинг барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Құрметті профессоры», Маңғыстау облысының және  Ақтау қаласының «Құрметті азаматы» Сержан Шәкірат өз лебізін білдірді.

Домбыра – қазақ халқының рухани қазынасы, жүрек үні. Мен үшін бұл байқаудың менің 85 жылдығыма арналуы үлкен мәртебе. Ұлттық өнерді дәріптеп, оны келер ұрпаққа аманат ету – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Осы байқау арқылы жас таланттардың өнері шыңдалып, домбыра үнінің күмбірі ұлтқа рух береді деп сенемін,- деді Сержан Шәкірат.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы, профессоры Кәрима Сахарбаеваның айтуынша, байқау домбыра өнерін дәріптеп, талантты орындаушыларды анықтауға бағытталған. Байқау қатысушылары өздерінің орындаушылық шеберліктерін көрсетіп, қазақтың дәстүрлі музыкасын жаңа қырынан танытуға тырысады. Мұндай іс-шаралар ұлттық өнерімізді сақтау мен дамытуға септеседі. 

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның Халық әртісі Айгүл Үлкенбаеваның айтуынша, мұндай іс-шаралар ұлттық мәдениетті жаңғыртып, жастар арасында домбыра өнеріне деген қызығушылықты арттырады. Байқау қатысушылары тек техникалық шеберлік қана емес, музыка арқылы терең сезім мен қазақтың рухани байлығын жеткізу қабілетін де көрсетуі қажет. Бұл байқау ұлттық музыкалық өнерді қадірлейтін қоғам үшін үлкен мәнге ие болмақ. 

Қарашаның 22-сі күні байқаудың жабылу салтанатында дәулескер күйші Сержан Шәкіраттың «Саф өнердің сардары» атты күй кеші өтеді. Кештің арнайы қонақтары – Жанғали Жүзбай, Ислам Жеменей, Медет Қуанышев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға