Ақтауда ойын-сауық орталығында 3 жасар бала жарақат алды
Ақтаудағы "Apollo" балалар ойын-сауық орталығында үш жасар баланың үстіне салмағы 50 келі болатын қарсы салмақ құлады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Зардап шеккен баланың анасы Айгүл Бисембаеваның айтуынша, ауыр металл блок ешқандай бекітусіз тұрған. Ол электр қалқанын жасыру үшін қойылған, сырты жұмсақ матамен қапталғанымен, ішінде темір конструкция жасырылған.
«Қарсы салмақ мүлде бекітілмеген. Өзім қозғап көрейін десем, көтеру мүмкін емес – тым ауыр», – дейді ол.
Бүлдіршін дереу ауруханаға жеткізілді. Рентген сүйектерінде сынық жоқ екенін көрсетті, алайда аяғы ауырып тұрғандықтан дәрігерлер қосымша МРТ тағайындады.
Қазіргі таңда оқиғаға қатысты полиция тексеріс жүргізіп жатыр. Материалдар Ақтау әкімдігіне де жолданатын болады.

