Ақтауда дәстүрлі садақ атудан ашық турнир мәресіне жетті
Ақтауда Халықаралық жастар күніне орай дәстүрлі садақ атудан ашық турнир өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Аталған жарыс Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы мен «Sadaq arena» садақ ату орталығының ұйымдастыруымен, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен жалауын желбіретті.
Турнирдің мақсаты – дәстүрлі садақ атуды дәріптеу, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және патриоттық тәрбиені нығайтуға бағытталған.
Жарыс «Пута» нысанасы бойынша, жекелей сында өтті. Ерлер – 70 метр, қыздар – 60 метр қашықтықта мергендігін сынады. Қатысушылар ұлттық киіммен келіп, жарыс ережелерін толық сақтады.
Ерлер арасында үздік нәтиже көрсеткендер:
І орын - Манасбек Жалғас
ІІ орын - Жанарыс Амангелді
ІІІ орын - Шерхан Қаныев
Әйелдер арасында жүлдегерлер:
I орын - Гүлназ Жариева
ІІ орын - Айнұр Аралбаева
ІІІ орын - Фатиха Исмағұл
Жеңімпаздарға теледидар, планшет, смарт колонка (Yandex Station) секілді бағалы сыйлықтар табысталды.
•
Жастар ресурстық орталығы директоры Гүлмира Бурхандинованың айтуынша, ұлттық спортты ұлықтау әрбір ел азаматының міндеті саналады.
Бүгінгі турнир – жастарды отансүйгіштікке, салт-дәстүрге жақын болуға шақыратын нақты іс-шараның көрінісі. Біз жастарға рухани тәрбие мен салауатты өмір салтын ұсынатын шараларды алдағы уақытта да жалғастыра береміз, - деді ол.
Турнир жастарға ерекше рух беріп, ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттырды. Қатысушылардың бірі Гүлназ Жариева жарысқа алған рет қатысып отырғанын атады.
Бұл менің алғашқы ресми турнирім. Садақ ату – тек спорт емес, бұл – тәрбие, шыдамдылық пен рухани тыныштықтың мектебі. Осындай жарыстар көбейсе, ұлттық спортқа бетбұрыс арта түседі деп ойлаймын. Ұйымдастырушыларға алғыс!, - деді қатысушы Гүлназ Жариева.

