Ақтауда 300 млн долларлық жаңа теңіз порты салынады
Ақтау қаласында құны 300 миллион АҚШ долларын құрайтын жаңа теңіз портын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай кезекті бір сұхбатында айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Әкімнің айтуынша, жобаның стратегиялық серіктесі Қытайдың “Чжонъюн Интернешнл” компаниялар тобы. Қазіргі уақытта инвестор өңірде өз компаниясын тіркеп, инвестициялық келісімге қол қою үшін қажетті құжаттарды даярлауда.
Жаңа порттың құрылысы халықаралық “Қытай - Қазақстан - Ақтау - Баку - Поти - Еуропа” көлік дәлізін дамытуға серпін береді. Оның жүзеге асуы жүк жеткізу мерзімін 7-15 күнге қысқартуға, ал тасымал шығындарын 18-25% төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа порт өңірде қосымша жұмыс орындарын ашып, экономикалық белсенділікті арттырмақ.
Облыс басшысы жобаның аймақтық және халықаралық логистиканың дамуына елеулі үлес қосатынын атап өтті.

