Жаңалықтар

Ақтау қаласының әкімі 172 500 теңге айыппұл төлейді

Ақтау қаласының әкімі 172 500 теңге айыппұл төлейді
Фото: mng.sud.kz 02.03.2023 17:26 1684

Заңды күшіне енген сот шешімін орындамағаны үшін Ақтау қаласының әкіміне ақшалай өндіріп алу қолданылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен ЖШС-тің Ақтау қаласының әкіміне қатысты талабы қанағаттандырылған. Атап айтсақ, сот шешімімен жауапкердің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тартуы заңсыз деп танылып, жердің нысаналы мақсатын өзгертуді, яғни бір ай ішінде ЖШС-нің пайдасына қолайлы әкімшілік акт қабылдау міндеттелген.

Алайда, осы уақытқа дейін сот шешімі орындалмаған, жеткілікті уақыт өтсе де қала әкімі қолайлы әкімшілік акті қабылдауға ешқандай шара қолданбаған.

Әкімшілік кодекстің талаптарына сәйкес, сот шешімдерін орындау соттың бақылауында және оларды орындаудан жалтару 50 АЕК мөлшерінде ақшалай өндіріп алуға әкеп соғады.

Нәтижесінде, сот ұйғарымымен Ақтау қаласының әкіміне қатысты 50 АЕК мөлшерінде, яғни 172 500 теңге ақшалай өндіріп алу шарасы қолданылған.

«Әкім ақшалай өндіріп алуды 5 күн ішінде төлеуі және сот шешімін 10 күн ішінде орындауы керек. Әйтпесе, ақшалай өндіріп алу 10 АЕК-ке ұлғайтылған мөлшерде қайта қолданылатын болады», -делінген Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға