Жаңалықтар

«Ақсүйектер, қырандар және қызылдар». Ағылшын клубтарының атауы қалай пайда болды?

«Ақсүйектер, қырандар және қызылдар». Ағылшын клубтарының атауы қалай пайда болды?
Фото: Коллаж El.kz 16.01.2024 15:00 4081

Футбол әлемінде жанкүйерлер белгілі бір ұжымның негізгі атауынан басқа да атау бергенді жақсы көреді. Мысалы, «Милан» – «қызыл-қаралар», «Боруссия Дортмунд» – «аралар» және «Ниццаны» «қырандар» дейді. Мұндай атаулар көбіне-көп клуб орналасқан қалаға, оның мәдениетіне, тарихына немесе ойын жейделері мен команда таңбасына қарап беріледі. Осы орайда футбол пайда болған мекен – Англия клубтарының атаулары қалай пайда болғандығын баяндайтын боламыз. Теңбіл доптың тарихына бірге бойлайық.

 

Ресми атаулар

Ең қызықты атаулар – ол клуб орналасқан мекеннің тарихына орай қойылғандар. Біле білсеңіз, қазіргі таңдағы атағы жер жаратын бірқатар ұжым тарихының бастауын фабрикалар мен өндірістерден алған.

«Арсенал» - «Канонирлер» / The Gunners. (Канонир – патшалық әскер құрамындағы қатардағы жауынгер). Атауынан-ақ байқауға болады, қару шығаратын фабрика жұмысшысы лондондық клубтың негізін қалаған.

«Вест Хэм» - «Балға ұстағандар» / The Hammers . Бір қызығы, клубтың аты мен оған қойылған лақап аттың ешқандай байланысы жоқ. Алғашында команда кеме жасау фабрикасының құрметіне «Thames Ironworks FC» деп аталған. «Вэст Хэмнің» бірінші эмблемасында екі балға белгіленді. Сол себепті оларды «The Irons» - «балғашылар» немесе «балға ұстағандар» деп  атап кетті.

«Лутон Таун» - «Бас киімдегілер» / The Hatters. Бұл қалада бас киім өндірісі жақсы дамыды. Өткен ғасырдың 30-жылдарында Лутон қаласында жылына 70 миллион бас киім тігілген.

«Шеффилд Юнайтед» - «Пышақтар» / The Blades. Әрине, естіген құлаққа өте қызық. Бірақ мұныңида өз тарихы бар. Өйткені Шеффилд қаласы ас үйге қажетті құралдар (пышақ, қасық, шанышқы, т.б.) өндірісі арқылы әлемге танылды.

«Ақсүйектер, қырандар және қызылдар». Ағылшын клубтарының атауы қалай пайда болды?
Фото: Getty Images

 

Жануарларға қатысты атаулар

Клубтардың тарихы мен ұжым орналасқан қаланың өндірісінен бөлек, оларға жануарларға байланысты да атаулар берілді.

«Брентфорд» - «Аралар» / The Bees. Бұл атаудың шығуының тарихы өте қызық әрі тереңде жатыр. 1894-95 жылғы маусымда жергілікті студенттер «Брентфорд» сапында өнер көрсететін достарын қолдауға келіп, сол жоғары оқу орнының әнұраны «Buck up, B's» деп жанұшыра айқайлаған. Бірақ сол кездегі журналистер шырқалған ұранды «аралар» («Bees») деп жаңсақ естіп, мақалаларды осы атаумен жариялаған. Сол уақыттан бері «Брентфорд» - «Аралар» деп аталып кетті.

«Вулверхэмптон» - «Қасқырлар» / The Wolves. «Вулверхэмптон» деген аты бар қаладан шыққан команданың басқаша аталуы ақылға қонбайтын еді. Өйткені қала солай аталады. Бірақ, шынында, бұл шаһардың қасқырларға ешқандай да қатысы жоқ. Жай ғана қала атауын оның іргетасын қалаған Wulfrun атты ақсүйектің есімінің құрметіне қойған.

«Кристал Пэлас» - «Қырандар» / The Eagles және «Брайтон» - «Шағалалар» / The Seagulls. Неге екі команданың атауы бір тізімде десеңіз, бұл оның шығу тарихына тікелей байланысты. 1977 жылы аталған екі ұжым өзара матч өткізіп жатқан уақытта лондондықтар командасын қолдау үшін «қырандар» деп айқайлаған екен. Ал өз кезегінде Брайтон қаласынан келген жанкүйерлер «шағалалар» деп ұрандатқан. Өйткені ағылшын тілінде екі сөздің айтылуы ұқсас келеді (Eagles and Seagulls). Бұл ұран «Брайтон» басшылығының көңілінен шығып, сол уақыттан бастап клубтың символы ретінде «шағаланы» таңдап алған. Тіпт, одан бұрын команда таңбасында белгіленген дельфиннің орнына шағаланың суретін салдырған.

«Кардифф» - «Көгілдір құстар» / The Bluebirds. Бұл атау Кардифф қаласында өткен театр қойылымынан кейін сұранысқа ие болған. Жанкүйерлер командасын «көгілдір құстар» деп атап кеткеннен кейін, клуб өздерінің дәстүрлі алқызыл жейдесінің түсін көк түске өзгерткен.

«Лестер» - «Түлкілер» / The Foxes. Ағылшын аңыздарына сүйенсек, дәл осы Лестершир ауданында түлкілерді аулау алғаш рет қолға алынған екен.

 «Норвич» - «Торғайлар» / The Canaries. 16-17 ғасырларда Норвич қаласына келген босқындар өздерімен бірге қолға үйретілген торғайларды алып келген. Бұл құстың жергілікті халықтың көңілінен шыққандығы сонша, Норвич қаласының символы ретінде осы бір құсты таңдаған.

«Ньюкасл» - «Сауысқандар» / The Magpies. Сауысқан құсының түсі ақ-қара болып келеді. «Ньюкасл» клубының жейдесі ақ-қара түсте болғаннан кейін, жанкүйерлер өз арасында оларды сауысқандар деп атап кеткен.

«Сандерленд» - «Қара мысықтар» / The Black Cats. Аталған команданың екінші атауын клуб басшылығы жанкүйерлер арасында сауалнама өткізу арқылы белгілеген. Футболсүйер қауымның көпшілігінің көңілінен «қара мысықтар» атауы шыққан.

«Халл Сити» - «Жолбарыстар» / The Tigers. Жоғарыда көрсетілен клубтарға қарағанда бұл ұжым атауының тарихының ерекшелігі жоқ. Жейдесінің түсі жолбарыстың түсіне ұқсайтын болғаннан кейін жанкүйерлер дала жануарының атын берген.

«Ақсүйектер, қырандар және қызылдар». Ағылшын клубтарының атауы қалай пайда болды?
Фото: Matthew Ashton - AMA/Getty Images

 

Жейдесінің түсіне байланысты қойылған атаулар

«Челси» - «Көктер» / The Blues. Бұдан бөлек, аталған клубтың «ақсүйектер» деген атауы бар. Бірақ бұл Англияда қолданылмайды. Өйткені «Челсиді» «ақсүйектер» деп ТМД елдерінде ғана атайды.

«Ливерпуль» - «Қызылдар» / The Reds. Көпшілік біле бермейді. Бірақ «Ливерпуль» құрамасы алғашында көк түсті жейдемен өнер көрсетті. Алайда көршілері «Эвертонның» дәл сол түсте жасыл алаңға шығатынын білгеннен кейін көк түсті қызылға алмастырды.

«Лидс» - «Ақтар» / The Whites. Англияға аты мәшһүр менеджер Дон Реви 60-70-жылдары мадридтік «Реалдың» құрметіне ағылшын біріншілігінің екінші лигасында өнер көрсететін «Лидс» командасына ақ түсті жейдені таңдап берді. Сол уақыттан бері күні бүгінге дейін аталған ұжымның лақап аты да, жейдесінің түсі де өзгерген жоқ.

«Ақсүйектер, қырандар және қызылдар». Ағылшын клубтарының атауы қалай пайда болды?
Фото: REUTERS

 

Тамақтың атына байланысты

«Борнмут» - «Шиелер» / The Cherries.

«Бернли» - «Клареттер» / The Clarets. (Кларет дегеніміз - қызыл шараптың сорты).

«Эвертон» - «Иристер» / The Toffees. 1980 жылы клуб стадионының жанында «эвертондық ирис тәттілерін» сатып бастаған. Содан бері «Эвертон» ұжымын жанкүйерлер «иристер» деп атайды.

«Ақсүйектер, қырандар және қызылдар». Ағылшын клубтарының атауы қалай пайда болды?
Фото: ашық дереккөз

 

Қызық атаулар

«МЮ» - «Қызыл сойқандар» / The Red Devils. 1930 жылы қызыл жейдеде өнер көрсететін ағылшынның «Салфорд» рэгби клубы Францияны аралаған болатын. Сол уақытта жергілікті журналистер оларды «қызыл сойқандар» деп атады. 1945 жылы «МЮ» бас бапкері Сэр Мэтт Басби бұл атауды ұнатып, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінен «Манчестер Юнайтедті» «қызыл сойқандар» деп атауды өтінген.

«Саутгемптон» - «Әулиелер» / The Saints. Ең алғаш команда құрылған уақытта шіркеудің атынан өнер көрсеткен.

«Манчестер Сити» - «Қалалықтар» / The Citizens  деген атау – Манчестер қаласында тұрып, «Ситиге» жанкүйер болатын адамдарға арналған лақап ат. Өйткені алғашында «Юнайтедтің» жанкүйерлері әлемнің барлық бұрышында болса, «Сити» жанкүйерлері тек Сити қаласында болған. Бірақ қазір бәрі керісінше.

«Ақсүйектер, қырандар және қызылдар». Ағылшын клубтарының атауы қалай пайда болды?
Фото: Getty Images

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға