Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Ақсу ферроқорытпа зауытында газ тазарту жүйесі іске қосылды

«Қазхром» компаниясының Ақсу ферроқорытпа зауытында №42 пешке арналған жаңа газ тазарту жүйесі пайдалануға берілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл жүйе өндіріс кезінде пайда болатын шаңның 99,5%-ын ұстап, қоршаған ортаға зиянды шығарындылардың көлемін едәуір азайтады. Соның нәтижесінде өңірдің ауасы тазара түседі.

Жобаның құрылысына 7 миллиард теңге инвестиция салынды. Жабдықтар Германия мен Чехия елдерінің жетекші өндірушілерінен – Siemens пен ZVVZ компанияларынан алынған. Жүйеде 4 мыңнан астам арнайы сүзгі бар және ол сағатына 950 мың текше метр ауаны тазарта алады. Жылына шамамен 16 мың тонна шаң қоршаған ортаға таралмай, ұсталып қалады.

Жобаның бас инженері Александр Сидлецкийдің айтуынша, №42 пеште алғаш рет чехиялық мамандар зауыттың нақты жағдайына бейімдеп жасаған жаңа механикалық шаң тазарту жүйесі қолданылған. Бұл жүйе ұсақ шаң бөлшектерін тиімді сүзуге және өндіріс процесіндегі кез келген өзгеріске жылдам бейімделуге мүмкіндік береді.

Бүгінде зауытта 11 газтазарту қондырғысы жаңартылды. Бұған дейін бірінші балқыту цехында жұмыстар аяқталса, қазір төртінші цехтағы жаңғырту аяқталуға жақын.

Біз бәріміз таза әрі қауіпсіз ортада өмір сүргіміз келеді. Сондықтан ERG-дің экологиялық бастамаларын жүзеге асырып, зиянды шығарындыларды азайту үшін озық технологияларға инвестиция салып келеміз. Біз тек экологиялық талаптарды орындап қана қоймай, әлемдік деңгейдегі үздік тәжірибелерді енгізе отырып, табиғатты қорғауды негізгі мақсаттардың біріне айналдырып отырмыз, – дейді Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Мұсабек Макашев.