Жаңалықтар

Ақсу ферроқортпа зауытының тозығы жеткен қазандығы туралы министр жауап берді

Ақсу ферроқортпа зауытының тозығы жеткен қазандығы туралы министр жауап берді
Фото: © El.kz 19.07.2023 00:30 817

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке Ақсу ферроқортпа зауытының тозығы жеткен қазандығы туралы депутаттық сауал жолдаған болатын, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат қыстың көзі қырауда Ақсу қаласының тұрғындары да жылусыз қалуы мүмкін деген қауіппен дабыл қағып, арнайы шаралар қабылдау керектігін айтты.

А.Сәтқалиев министрлік республикалық бюджеттік бағдарламаның әкімшісі ретінде «Ақсу қаласындағы қалалық жылыту қазандығы» нысанын іске қосу жобасына 5,9 млрд теңге, оның ішінде іске қосу-баптау жұмыстарына 205 млн теңге бөлгенін хабарлады.

Жаңа жылыту қазандығында іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізу барысында қазандықтың оттығына көмір құю жұмысында ұсақ фракцияны алып кету және жанбау сияқты бірқатар бұзушылық анықталды. Нәтижесінде ұсақ фракцияның қалдықтары күл шығару арналарында бітеліп қалды. Осы мәселені шешу шеңберінде мердігер ұйымдар жобалау құжаттамасында көзделмеген ұсақтау қондырғыларын монтаждады. 

Осыған байланысты тапсырыс беруші мердігер ұйымдардың атына анықталған ескертулерді жою және жобалық құжаттамаға сәйкес келтіру қажеттігі туралы хаттар жолдады. Жойылмаған жағдайда мәселе қолданыстағы заңнама шеңберінде шешілетіні ескертілген, – деді жауабында министр.

Сонымен қатар А.Сәтқалиев 26 маусымда Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің төрағасы Е.Жаңбыршин өткізген кеңестің қорытындысында жергілікті атқарушы органға мердігер ұйымдармен бірлесіп қазандықты пайдалануға беру бойынша жұмысты аяқтау туралы тапсырма берілгенін мәлімдеді.

Павлодар облысының және Ақсу қаласының әкімдіктеріне жасалған шарттар негізінде жоба бойынша қызметті жүзеге асыратын ұйымдармен бірлесіп, қажетті шараларды, оның ішінде жергілікті деңгейде аталған ведомствоаралық комиссия құру арқылы қабылдау тапсырылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға