Жаңалықтар

Ақшаны қолма-қол шығарумен айналысатын 119 топ анықталды

Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы айтты
Ақшаны қолма-қол шығарумен айналысатын 119 топ анықталды
Фото: Ақорда 15.11.2022 13:05 1425

Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлайды El.kz

Президентке Агенттіктің биылғы 10 айда атқарған  жұмысы туралы есеп  берілді.  

Мемлекет басшысына қылмыстық істерді жаппай қозғау тәжірибесінің жойылғаны және адал бизнесті қылмыстық қудалаудың азайғаны жөнінде баяндалды. Соның нәтижесінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарының саны жыл сайын азайып келе жатқаны байқалады. Атап айтқанда, өткен жылмен салыстырғанда тіркелген істер саны 30 пайызға төмендеген.

Жанат Элимановтың айтуынша, қабылданған шаралар келтірілген шығындарды өтеуге, 300 миллиард теңгеден астам активті қайтаруға мүмкіндік берді. Жиырма бес ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді.

Ақшаны қолма-қол шығарумен айналысатын 119 топтың қызметіне тосқауыл қойылды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына 25 қаржы пирамидасы жойылып, жәбірленушілердің 8,3 миллиард теңге шығыны өтелгені туралы баяндалды. Қаржылық пирамидалармен күрес аясында заңсыз мазмұндағы 8,8 мыңға жуық сайт пен аккаунт бұғатталған. Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында қаржылық барлау қызметі есірткі сататын 15 интернет-дүкенді әшкерелеген. Олардың жалпы сауда айналымы 4,4 миллиард теңгені құрайды және 27 мыңнан аса азаматты қамтыған. Бұл материалдар Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік қызметіне жолданды. Цифрлық активтерді пайдалана отырып, қылмыстық жолмен тапқан кірісті жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес аясында Агенттік Binance ірі халықаралық криптобиржасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.

Сонымен қатар Президентке  Қазақстанның «қаржыны жылыстатуға қарсы күрес» ұлттық жүйесі  ФАТФ талаптарына сәйкестігі бойынша Өзара бағалаудан өтіп жатқаны жөнінде мәлімет берілді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы қаржы пирамидалары мен алаяқтық әрекеттердің жолын кесу бойынша жұмысты жалғастыруды, сондай-ақ Агенттіктің өз ішінде жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуді тапсырды.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға