«Ақша төлеу керек». Бокстан Азия чемпионатын қашан, қайдан көруге болады?
Бүгін, 30 наурызда Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында бокстан Азия чемпионаты басталды. Бұл додаға Махмұд Сабырхан, Айбек Оралбай бастаған былғары қолғап шеберлері қатысады. Алайда жарыстың бірінші күні тікелей эфирден тамашалауға мүмкіндік жоқ. Көргіңіз келсе, телекөрсетілімді сатып аласыз.
Турнирді қайдан көреміз?
Жанкүйерлер бірнеше жылдан бері Азия чемпионатын жергілікті телеарнадан, болмаса Youtube-тағы Asian Boxing каналынан көретін. Бірақ биыл жарыстың бірінші күнін тамашалау үшін 6 мың теңге төлеуі керек. Мұны Asian Boxing сайтындағы телекөрсетілім үшін төлейсіз. Десе де 31 наурыздан бастап тегін көруге мүмкіндік бар.
Иә, Qazsport арнасындағы тікелей эфир 31 наурыз күні басталады. 09:00-ден бастап қазақстандық боксшылардың өнерін тамашалай аласыз. World Boxing ережесіне сай, сол күні турнирді тек телеарнадан көресіз. Сайт пен қосымшада тікелей эфир бұғатталады.
Әзірге ұлттық құрама сапындағы екі боксшы жарыс жолынан шығып қалды. Өкініштісі, 51 келі салмақта өнер көрсеткен Жазира Орақбаева екі раундта алда келе жатса да, шешуші раундта жарақат алып, жекпе-жекті тоқтатуына тура келді. Осылайша, Солтүстік Корея өкілі Ан Кум-биол келесі кезеңге жолдама алды.
Ал 54 келідегі Элина Базарова 1/8 финалда әлем кубогының жеңімпазы, Үндістан өкілі Притимен жолықты. 3 раундта да қос спортшы барын салды. Десе де Прити үшінші айналымда мықты екенін дәлелдеп, ширек финалға шықты. Айта кетерлігі, Ұланбатырдағы турнир 30 наурыз бен 10 сәуір аралығында өтеді.
Ерлер
50 кг дейін: Санжар Тәшкенбай – Бағлан Ергешов (Қырғызстан) пен Вишванат Суреш (Үндістан) жекпе-жегінің жеңімпазы
55 кг дейін: Махмұд Сабырхан – Махди Альмасалех (Иордания) пен Шахзод Музафаров (Өзбекстан) жекпе-жегінің жеңімпазы
60 кг дейін: Оразбек Асылқұлов – Поль Баскон (Филиппин)
65 кг дейін: Ертуған Зейнуллинов – Ю Линь (Тайбэй)
70 кг дейін: Төрехан Сабырхан – Ким Юн Су (Оңтүстік Корея) мен Шамшер Саидов (Тәжікстан) жекпе-жегінің жеңімпазы
75 кг дейін: Сабыржан Ақалықов – Яги Талга (Жапония)
80 кг дейін: Ерасыл Жақпеков – Сагын Сатыбалды (Қырғызстан) мен Фазлиддин Эркинбоев (Өзбекстан) жекпе-жегінің жеңімпазы
85 кг дейін: Нұрбек Оралбай – Барлаахан Дору (Моңғолия) мен Мохаммад Сулейман (Иордания) жекпе-жегінің жеңімпазы
90 кг дейін: Сағындық Тоғамбай – Хань Сюэчжэнь (Қытай)
90 кг жоғары: Айбек Оралбай – Бекнур Хали (Моңғолия) мен Арман Маханов (Өзбекстан) жекпе-жегінің жеңімпазы
Әйелдер
48 кг дейін: Әйгерім Сәттібаева – Сабина Бобокулова (Өзбекстан)
57 кг дейін: Ұлжан Сәрсенбек – Панрави Руенрос (Тайланд) пен Хюен Чан Нгуен (Вьетнам) жекпе-жегінің жеңімпазы
60 кг дейін: Римма Волосенко – Прия (Үндістан)
65 кг дейін: Лаура Есенкелді – Боро Анкушита (Үндістан)
70 кг дейін: Бақыт Сейдіш – Суджин Сон (Оңтүстік Корея) мен Алимире Абудурейиму (Қытай) жекпе-жегінің жеңімпазы
75 кг дейін: Валентина Хальзова – Суен Сон (Оңтүстік Корея)
80 кг дейін: Надежда Рябец – Пуджа Рани (Үндістан)
80 кг жоғары: Дина Исламбекова – Олтиной Сотимбоева (Өзбекстан)

