aa.com.tr

АҚШ-тың жағалау күзеті Тынық мұхитында 34 тоннадан астам есірткі тәркіледі

АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігіне қарасты жағалау күзеті бөлімшелері Тынық мұхитында ірі операция жүргізіп, 34 тоннадан астам кокаинді тәркіледі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ведомствоның мәліметінше, есірткі елге заңсыз әкелінбек болған. «Pacific Viper» («Тынық мұхиттық гадюка») атты арнайы науқан аясында өткен операция министрлік тарапынан «картельді талқандау» деп бағаланып отыр. 

Мәлімдемеде бұл әрекеттердің негізгі мақсаты – елді қорғау, нарко-терроризмге қарсы тұру және халықаралық қылмыстық ұйымдардың заңсыз өндірісі мен саудасын тежеу екені айтылған.

Жарияланған видеокадрларда АҚШ жағалау күзетінің катері мұхиттағы арнайы жасалған көк түсті қайықты тоқтатып, кемінде үш адамды ұстағаны көрсетілген. Америкалық БАҚ мәліметіне сәйкес, жалпы шамамен 60 адам қамауға алынған.

Бұған дейін АҚШ билігі есірткі тасымалдаушылар деп күдіктелген қайықтарға әуеден оқ атқан сәттердің видеоларын жариялаған болатын. Бұл әрекеттер қоғамда сынға ұшырап, «сотсыз жазалау» деп бағаланған еді. Аталған мәселе жөнінде президент Дональд Трампқа Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында сұрақ та қойылды.