gov.kz

АҚШ-тың Қазақстанға салған баж салығы күшіне енді

07.08.2025 10:10

АҚШ президенті Дональд Трамптың он шақты елге, соның ішінде Қазақстанға баж салығын салу туралы жарлығы 7 тамыздан бастап күшіне енді. Жарлыққа сәйкес, Қазақстаннан келетін тауарларға 25 пайыздық импорттық тариф енгізіледі. Бұл шешімге қатысты экономист Сапарбай Жұбаев El.kz интернет порталына пікір білдіріп, оның еліміздің экономикасына ықпалын саралады.

Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда ауқымы шағын

Сарапшының айтуынша, мұндай баж салығының Қазақстан экономикасына айтарлықтай тікелей әсері болмайды. Өйткені екі ел арасындағы сауда көлемі қатты үлкен емес.

Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы сауда айналымы өте шағын. Мысалы, Ресеймен немесе Қытаймен жылына 20-30 миллиард доллар көлемінде сауда жасасақ, АҚШ-пен бұл көрсеткіш небәрі шамамен 3 миллиард доллар. Оның да басым бөлігі елімізде жұмыс істейтін америкалық компаниялардың экспортына тиесілі, – дейді экономист.

Оның айтуынша, Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын негізгі тауар – мұнай. Алайда бұл мұнайды шетелге экспорттайтын да – америкалық трансұлттық компаниялар, мысалы, «Chevron». Олар өз өнімдерін негізінен Еуропаға жөнелтеді, аз бөлігін ғана АҚШ-тағы мұнай өңдеу зауыттарына жеткізеді. Бірақ бұл компаниялар өз елінің атынан жұмыс істегендіктен, олардың өнімдеріне 25 пайыздық баж салығы салынбайды.

Қандай тауарларға тариф әсер етуі мүмкін?

Экономисттің пайымынша, АҚШ-қа экспортталатын қазақстандық тауарлардың 90-95 пайызы жаңа баж салығынан тыс қалады. Тек кейбір сирек металдар мен дайын өнімдерге ғана – мысалы, өсімдік майы, биологиялық қоспалар немесе дәрі-дәрмек түрлері – баж салығы қосылуы мүмкін.

Қазақстаннан баратын тауарлардың басым бөлігі бұл тарифтік шектеулерге ілікпейді. Тек аздаған өнімдерге ғана өзгеріс болуы мүмкін. Сондықтан бұл өзгеріс отандық экономикаға айтарлықтай кері әсер ете қоймайды, – деді Сапарбай Жұбаев.

Жанама әсері қандай болмақ?

Дегенмен экономист бұл тарифтік өзгерістің жанама салдары болуы ықтимал екенін айтады. Оның ішінде Қытай мен Ресейдегі өндіріс көлемінің төмендеуі Қазақстанға да әсер етуі мүмкін.

АҚШ пен Еуропаның Ресейге салған санкциялары салдарынан Ресейдегі кей өндірістер тоқтап қалды. Олар бұрын Қазақстаннан шикізат немесе бөлшектер алатын. Енді сұраныс азайды. Қытайда да осындай жағдай байқалады. АҚШ тарифтерінен кейін өндірістің бір бөлігі баяулап, Қазақстаннан импортталатын шикізатқа қажеттілік төмендеуі мүмкін, – деді экономист.

Осы мәселелерді ескере отырып, Сапарбай Жұбаев Қазақстан үкіметіне нақты ұсынысын білдірді. Оның ойынша, индустрияландыру мен инновациялық бағдарламаларды тиімді іске асыру арқылы бұл әсердің алдын алуға болады.

2029 жылға дейінгі индустриалды-инновациялық бағдарламаларды дұрыс жүзеге асырып, көрші елдермен сауда байланысын күшейтсек, АҚШ тарапынан енгізілген бұл баж салығының жанама ықпалын азайта аламыз, – деп түйіндеді сарапшы.