aa.com.tr

АҚШ-тың мемлектетік хатшысы Трамптың Путинмен кездесудегі мақсаты туралы айтты

15.08.2025 02:29

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Украина мен Ресей арасындағы соғысты аяқтайтын бейбіт келісім қауіпсіздік кепілдіктері ғана емес, қақтығыстың түпкі себептеріне жататын аумақтық даулар мен талаптар жөнінде де келіссөздерді қажет ететінін мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Анадолының жазуынша, ол бұл туралы Вашингтондағы Мемлекеттік департамент ғимаратында Парагвайдың сыртқы істер министрі Рубен Рамирес Лесканомен келісімге қол қою рәсімі кезінде журналистер сұрағына жауап бере отырып айтты.

Рубио осы жұмада АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин арасындағы кездесу қарсаңында екі ел басшылары Украинаның жағдайына қатысты «қақтығысты тоқтату» жөнінде уағдаласады деген үмітін білдірді.

Менің ойымша, бейбітшілікке қол жеткізу үшін бәріміз қауіпсіздік кепілдіктері жөнінде келіссөз жүргізу қажеттігімен келісуіміз керек. Сондай-ақ аумақтық даулар, құқықтар және олардың не үшін соғысып жатқаны жөнінде де әңгіме болуы тиіс, - деді ол.

Рубио Трамптың басты басымдығы – қақтығыстарды тоқтату екенін, ал нақты шешімдер мен егжей-тегжейлі келіссөздер уақытты талап ететінін атап өтті. Оның айтуынша, Трамп Путинмен төрт рет телефон арқылы сөйлескен, енді онымен бетпе-бет кездесіп, «көзбе-көз қарап», бейбітшілік орнату мүмкіндіктерін талқылауды қалайды.

Рубио ертеңгі кездесуден жақсы нәтиже күтетінін айтып «Біз бейбітшілікті қалаймыз және оған қол жеткізу үшін бар күшімізді саламыз. Бірақ түпкілікті келісімге келу Украина мен Ресейдің өзіне байланысты» деді.

Трамп пен Путин жұма күні Аляскада жергілікті уақытпен сағат 11:30-да Украинадағы соғысты тоқтату жолдарын талқылау үшін кездеседі.