Depositphotos.com

АҚШ-тың баж салығы Қазақстан экспортының 95 пайызына әсер етпейді – СИМ

08.07.2025 16:02

АҚШ Президенті 1 тамыздан бастап бірқатар елдерге, оның ішінде Қазақстанға қатысты жаңа импорттық баждар енгізілетіні туралы мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ведомство мәліметінше, Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын өнімдер үшін жеткізілімдердің барлық көлеміне 25 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме белгіленген.

Алайда қазақстандық экспорттың басым бөлігі - мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, тантал және титан сияқты негізгі шикізат пен стратегиялық тауарлар. Олар баж салығынсыз жеткізілуін жалғастыра береді. Қабылданған шаралар Қазақстан экспортының шамамен 95 пайызына әсер етпейді деп жоспарланып отыр, - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар, қазақстандық тауарларға сауда режимін сақтау мақсатында ҚР Үкіметі АҚШ әкімшілігіне өзара сауда шарттарын жақсарту жөніндегі нақты шаралар мен бастамаларды жолдаған.

Қазақстанның мақсаты - нарыққа қол жеткізу және сауда шарттары мәселелері бойынша келісілген шешімдер қабылдау. Қазір Америка тарабы Қазақстан ұсыныстарын қарастырып жатыр және келіссөздерді өткізетін күнді хабарлайды. Қазақстан ұлттық мүдделерін қорғау және тұрақты сауда-экономикалық әріптестікті дамыту мақсатында Америка тарапымен одан әрі келіссөздер жүргізуге дайын, - деп жазылған хабарламада.

Анықтама: Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2024 жылы 4,2 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл оның алдыңғы жылмен салыстырғанда 4% - ға жоғары (4,1 млрд. АҚШ). Қазақстаннан АҚШ-қа экспорттың негізгі тауарлары: шикімұнай - 1,1 млрд. АҚШ долл. (үлесі 56,2%), уран - 322,9 млн. АҚШ доллары

(16,4%), күміс - 239,9 млн. АҚШ доллары (12,2%), ферроқорытпалар - 188,2 млн.АҚШ доллары (9,5%), тантал және одан жасалған бұйымдар - 17,6 млн. АҚШ (0,89%)және басқалар.

Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2025 жылғы қаңтар-мамырда 1 265,8 млн. АҚШ долларын құрады.2025 жылғы қаңтар–мамырда Қазақстаннан АҚШ-қа экспорт 418,2 млн. АҚШ доллары болды.