АҚШ-та ЖИ-ді психотерапияда қолдануға тыйым салынды
АҚШ-тағы Иллинойс штаты жасанды интеллектіні (ЖИ) психотерапевт ретінде пайдалануға заңды түрде тыйым салған алғашқы штат атанды. Жаңа заң науқастарды нейрожелілермен тікелей жұмыс істеуден туындайтын қауіпті салдардан қорғауға бағытталған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Мұндай тыйым неге қажет болды?
Заң шығарушылардың айтуынша, дағдарыс жағдайында жүрген адамдар өз мәселелерін ЖИ-ге сеніп тапсырады, бұл кейде қайғылы жағдайларға әкеледі. Америкалық психологиялық қауымдастық мұндай алаңдаушылықты растаған деректерді ұсынды. Мысалы, жасөспірімдер тарапынан ЖИ-чат-боттарды қолдануға байланысты екі сот ісі тіркелген. Сол жағдайлардың бірінде чат-боттың кеңесіне ерген жасөспірім ата-анасына шабуыл жасаған.
Жаңа заң неге тыйым салады
Заңға сәйкес, енді:
пациенттермен терапевттік қарым-қатынаста және клиникалық шешім қабылдау кезінде нейрожеліні қолдануға болмайды;
ЖИ ұсынған емдеу жоспарларын жүзеге асыру үшін, оны міндетті түрде дипломы бар маман бекітуі керек.
Сонымен қатар психикалық денсаулық саласында қызмет көрсететін кез келген тұлға немесе компания міндетті түрде сертификатталған болуы тиіс. Ал лицензиясыз ЖИ қолданатын терапияны жарнамалау айыппұлға әкеледі, оның құны 10 мың долларға тең.
Дегенмен заңда белгілі бір жағдайларда ЖИ-ді пайдалануға рұқсат етілген. Мысалы: қабылдауға жазылу, есеп-шоттарды өңдеу немесе дәрігерге тіркеу жүйесінде чат-боттарды қолдануға болады.
Басқа штаттардағы жағдай қандай?
АҚШ-тың басқа штаттарында да шектеулер бар, бірақ Иллинойстағыдай қатаң емес. Мәселен:
Невадада ЖИ-ді психологиялық көмек көрсету үшін тек мемлекеттік мектептерде пайдалануға тыйым салынған;
Ютада психикалық денсаулыққа арналған чат-боттар міндетті түрде «адам емес» екенін нақты көрсетуі тиіс, әрі пайдаланушының деректерін жарнама мақсатында жинауға рұқсат жоқ.

