©Pixabay.com

АҚШ-та танымал компания 35 мыңнан астам қызметкерін қысқартты

26.10.2025 21:39

Intel корпорациясы екі жылда шамамен 35,5 мың қызметкерін қысқартты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл шешім компанияның штат құрылымын оңтайландыру саясаты аясында қабылданған.

Tom’s Hardware дерегінше, 2025 жылдың қыркүйек айының соңында Intel компаниясында 88 400 адам жұмыс істеген. Қызметкерлерді ең көп қысқарту екінші тоқсанда болған – сол кезде 1 млрд доллардан астам қайта құрылымдауға байланысты шығындар тіркелген.

Компанияның жаңа бас директоры Лип-Бу Тан бұған дейін ұйым құрылымын жеңілдету және орта буындағы менеджерлер санын азайту жоспарын айтқан болатын. Алайда кейін белгілі болғандай, қысқарту тек басшылық құрамға емес, мыңдаған инженерлер мен техникалық мамандарға да әсер еткен. Әсіресе Орегон штатындағы нысандарда көптеген қызметкер жұмыстан босатылған. Қызығы, Орегонда қысқартылғандардың тек 8 пайызының ғана лауазымында «менеджер» сөзі болған.

Басылымның хабарлауынша, бұл үдеріс зерттеу мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (R&D) бөлінетін қаржының қысқаруымен қатар жүрген. 2025 жылдың үшінші тоқсанында зерттеу бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 800 млн долларға азайған, бұл көптеген ғылыми жобалардың жабылғанын білдіреді.

Intel компаниясының қаржы директоры Дэвид Зинснер сарапшыларға берген мәлімдемесінде:

Біз 2026 жылы операциялық шығындарды шамамен 16 млрд доллар деңгейінде ұстаймыз. Қаражат тек нақты стратегиялық немесе қаржылық қайтарымы бар бағдарламаларға бағытталады, – деді.

Ол сондай-ақ бұл санатқа Intel 18A және 14A техпроцестері, жасанды интеллектке бағытталған өнімдер, сондай-ақ жаңа буынды чип қаптау технологиялары кіретінін атап өтті.

Intel корпорациясы – АҚШ-тағы жетекші технологиялық трансұлттық компания, әлемдегі жартылай өткізгіш компоненттердің ең ірі өндірушілерінің бірі. 1968 жылы құрылған бұл компания микропроцессорлар, чипсеттер және өзге де электронды құрылғылар шығарып, жеке тұтынушылар мен ірі корпорацияларға арналған өнімдер нарығында маңызды рөл атқарып келеді.