АҚШ-та P. Diddy-ге қатысты атышулы іске нүкте қойылды
АҚШ-та танымал рэпер, продюсер және кәсіпкер Шон Комбс, яғни P. Diddy ісі бойынша соңғы шешім шықты , деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Манхэттендегі федералды сот музыкантты 4 жыл 2 айға бас бостандығынан айыруға және 5 жыл бойы қадағалауда болуға үкім шығарды. Сонымен қатар, ол 500 мың доллар көлемінде айыппұл төлейді.
Айыптау тарабының мәліметінше, P. Diddy зорлық-зомбылық пен азғындық әрекеттерге итермелейтін қылмыстық топ құрған, сондай-ақ есірткінің әсерімен эскорт қызметіндегілерді азғындық ойын-сауықтарға қатысуға мәжбүрлеген.
Бес сағатқа созылған соңғы сот отырысында залда ауыр эмоция мен көз жасыға толы сәттер болды. Рэпер мен оның алты баласы судьядан кешірім сұрап, жеңіл жаза беруді өтінді.
Әкем мүлде өзгерді, бұл жағдай оған үлкен сабақ болды, — деді үлкен ұлы Куинси Браун.
Құрметті судья, өтінем, рақым етіңіз, — деп жалбарынды Кристиан Комбс.
Сол сәтте қыздарының да көзіне жас үйіріліп, әкелерімен бірге жылағаны байқалды.
Соңғы сөзінде P. Diddy өз ісіне өкінетінін айтып, екі әйелден кешірім сұрады:
Мен бәрінен айырылдым — бизнестен, мансаптан, беделден және ең бастысы — өзіме деген құрметтен. Қазір мен өзімді жек көремін. Менде ештеңе қалған жоқ, — деді ол көз жасын тыя алмай.
Сот үкіміне сай, рэпер түрмеде тағы 2,5 жыл шамасында отыруы мүмкін. Себебі оған бұған дейінгі 14 ай қамауда отырған уақыты есептеледі, ал жақсы тәртібі үшін тағы 6 айға қысқартылуы ықтимал.
Егер оны жыныстық мақсаттағы адам саудасы бойынша кінәлі деп танығанда, P. Diddy өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді.

