АҚШ-тың Техас штатындағы Даллас қаласында әуе шоуы кезінде ұшу алаңының үстінде екі ұшақ соқтығысып, апатқа ұшырады. «Даллас үстіндегі қанаттар» шоуы кезінде қайғылы оқиға туралы жергілікті WFAA хабарлады. Ұшақтардың соқтығысу сәтінің видеосы әлеуметтік желіде жарияланды, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ұшақтар төмен биіктікте соқтығысып, бірден құлаған. Ұшақ апатының себебі әлі белгісіз, делінген хабарламада. Апат жергілікті уақыт бойынша сағат 13:25 шамасында болды. Ардагерлер күніне арналған әуе шоуын Әуе қорғаныс күштері ұйымдастырды. Екі ұшақ та толығымен қираған.
Ресми тұлғалар B-17 экипажы төрт-бес адамнан тұратынын, P-63 кабинасында бір адам болғанын хабарлады.
Куәгерлердің айғақтарына және әлеуметтік желілерде жарияланған бейнелерге сәйкес, P-63F биіктігін жоғалтып, ұшу-қону жолағына жоғары жылдамдықпен бұрылды. Ол сол жақ артқы жағында В-17-мен соқтығысқан.
Екі ұшақ та қирап, бірнеше секундтан кейін жерге құлап, өртеніп кеткен.