Әлеуметтік желі

АҚШ Сенаты Қазақстандағы жаңа елшіні қызметіне бекітті

08.10.2025 17:11

АҚШ Сенаты Джули Стаффты Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына ресми түрде бекітті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Джули Стаффт — кәсіби дипломат, АҚШ Мемлекеттік департаментінің тәжірибелі қызметкері. Бұған дейін ол Молдова мен Джибутидегі АҚШ миссияларында орынбасар, сондай-ақ Ресей, Эфиопия және Польшадағы елшіліктерде әртүрлі дипломатиялық қызметтер атқарған.

Ол Case Western Reserve University және Duke University оқу орындарының түлегі. Орыс, румын, француз және поляк тілдерін еркін меңгерген. 2023 жылы Стаффтке «Президенттің ерекше еңбегі үшін» марапаты табысталды. Бұл - АҚШ-тың азаматтық мемлекеттік қызметкерлеріне берілетін ең жоғары мемлекеттік марапат. Сондай-ақ ол жеті мәрте «Ерекше қызметі үшін» наградасына, және Америкалық дипломатиялық қызмет қауымдастығының «Аға офицердің конструктивті келіспеушілігі үшін» сыйлығына ие болған.

Джули Стаффтың басым бағыттары

Сенаттағы тыңдаулар кезінде Джули Стаффт Қазақстандағы елші ретіндегі басты мақсаттарын айқындады:

Менің басты міндетім – Қазақстандағы барлық америкалықтардың, соның ішінде елшілік пен консулдық қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болады, — деді ол.

Сонымен қатар Стаффт Қазақстанмен экономикалық және энергетикалық ынтымақтастықты тереңдетудің стратегиялық маңызын атап өтті.

Біз қазір Қазақстанмен сауда және энергетика саласындағы жаңа дәуірдің табалдырығында тұрмыз. Бұл ел - уран өндіруде әлемдік көшбасшы, мұнай экспорттаушы ірі мемлекет және маңызды пайдалы қазбалар қоры бойынша алдыңғы қатарда, - деді АҚШ елшісі.Экономикалық байланыстарды күшейту жоспары

Джули Стаффт АҚШ-тың Қазақстанмен экономикалық серіктестігін кеңейту мақсатында Экономикалық, энергетикалық және іскерлік істер жөніндегі бюро, АҚШ-тың Халықаралық даму қаржы корпорациясы (DFC), АҚШ Экспорт-импорт банкі және жеке сектор өкілдерімен тығыз жұмыс істейтінін айтты.

Оның айтуынша, басты мақсат - АҚШ пен Қазақстан арасындағы өзара тиімді инвестициялар мен серіктестікті күшейту, соның ішінде энергетика, технология және инфрақұрылым салаларындағы америкалық инвестицияларды арттыру.

Сенаторлардың пікірі

Сенат тыңдауы барысында Нью-Гэмпшир штатының демократы Джинн Шахин және Монтана штатының республикашысы Стив Дейнс Джули Стаффтың көпжылдық дипломатиялық тәжірибесін жоғары бағалап, оның Қазақстандағы елші қызметіне тағайындалуын қолдады.

Джули Стаффтың кәсіби тәжірибесі мен халықаралық саладағы беделі АҚШ пен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, — деп атап өтті сенаторлар.