Жаңалықтар

АҚШ-қа қара жұмыс істей саламын деп баруды қою керек – Адиханов

АҚШ-қа қара жұмыс істей саламын деп баруды қою керек – Адиханов
Фото: Жеке мұрағат 31.07.2023 13:22 2115

Қазіргі таңда идея жинақтап жатырмын. Келешекте елімізге жаңа идеямен оралғым келеді. Бәрі уақыттың еншісінде. Оңтүстік Флорида университетінің Cell and Molecular Biology бағыты бойынша PhD студенті, ғылыми қызметкер Сайдибурханиддин Адиханов АҚШ-тағы оқу мен жұмыс туралы сұхбат берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттінің тілшісі.

– Өзіңіз туралы айта кетсеңіз? Ғылым жолын таңдауыңызға не түрікті болды?

Мен биотехнолгия бағытында білім алып жатырмын. Мамандық таңдауға әке-шешем түркі болды деуге болады. Анам дәрігер, әкем зоотехник маманы болғандықтан шығар менде мектеп жасымнан биология пәнінен олимпидаларға қатысып, бұл салаға құмар болдым. Мектепті бітіргенсоң Еуразия ұлттық университетінде биотехнология мамандығын оқыдым. Алайда, елімізде бұл саладағы зерттеулер енді ғана басталып жатқан соң менің қызғушылығым  педагогика саласына ауысты. Өйткені университет білімінен бөлек, өзім осы сала бойынша жұмыс істеп жүрдім. Сондай-ақ  мектепте мұғалім болып жұмыс істеп жүргенде балаларды ғылыми олимпиадаларға дайындадым. Сол кезде мамандығыма деген қызғушылығым қайта артты. Еліміздегі болашақ бағдарламасының мүмкіншілігін пайдалана отырып, алғашында Кембридж университетінде тіл оқуы бойынша білім алып, кейін Эдинбург университетінде магистратурамды жалғастырдым.

АҚШ-қа қара жұмыс істей саламын деп баруды қою керек – Адиханов

Биотехнологияны магистратуда оқығанда шетелдегі білімнің теориялық тұрғыда емес, практикалық жағынан өте маңызды екенін түсіндім. Мамандыққа қызықтыру жолы және оқыту тәсілдері қатты ұнады. Тек кітаптан оқып қана қоймай, оны зертханаға барып зерттеп көру, жан-жануарларды тексеріп, олардың асқазан жолдарындағы алуан түрлі бактерияларды жаңа әдістермен қарау секілді тың дүниелер қызғушылығымды одан әрі арттырды. Одан бөлек, Эдинбург университетінің ерекше жобасы болды. Онда суды микробиологиялық әдіс арқылы тазалайды. Эдинбург қаласы бойынша жиналған судың бәрі бір жерде жинап, соны физикалық тазартудан өткізгеннен кейін барып, биологиялық тазарту тағы өткізеді. Бұл жерде тек суды тазартып қоймай, энергиямен қамтамасыз етуді ойластырған. Мұның бәрін ғылым арқылы жасалып отыр. Сол себепті мен ғылымға бет бұрамын, бұл саланы тереңірек зерттеймін деп шештім. Елімізге келіп Назарбаев университетінде бірнеше жыл зерттеумен айналысқан соң, АҚШ-қа жұмысқа шақырту алдым. Ол кезде Оңтүстік Дакота университетінде доктор Уильям Шен енді ғана лабротория ашып жатқан еді. Профессормен бірлесіп синтетикалық биология әдістері арқылы жүрек ауруларын емдеу саласын зерттедік. Қазіргі таңда Оңтүстік Флорида университетіндегі екі бірдей профессордың сынынан өтіп, шақыртау алған жайым бар.

– Қазақстанда ағылшын тілін үйреніп алғанмен сөйлесетін орта болмағандықтан ұмытып жатады. Оларға қандай кеңес  бересіз? АҚШ-қа немесе Еуропаға оқуға түсем деген азамат ағылшынды қай деңгейде білуі керек? Қандай да өзгерістер бар ма?

Ағылшын тілі дүниежүзінде кең таралған тіл. Әсіресе, академиялық және бизнес ортада көп қолданылады. Онымен қоса, мемлекетаралық істерде басты қолданылатын тіл. Біз тілді үйренгеннен кейін оның құрал екенін дұрыс түсінуіміз керек. Тілді үйренгеннен кейін міндетті түрде қажетті іске, білімге пайдалану қажет. Әр саласының маманы өзін-өзі дамыту үшін шет тілін үйрену керек сонда ғана адам өз мақсатына сай тиімді қолданады. Ал егер шет тілін білсеңіз, бірақ сізге қажет құрал болмаса, әрине ол да ұзақ жатқан темірдей шіри береді. Қортындылай келсек, құралды нақты мақсатпен үйрену керек.

АҚШ-қа оқуға түскім келеді дейтін азаматтар болса, олардан ағылшын тілінің сертификаты сұралады. Бұл қазіргі таңда кең таралған IELTS және TOEFL емтихандары. Әрине, бұдан бөлек емтихандар көп. Үміткер IELTS-тен 6,5- 7 бал алатын болса бакалавр мен магистратурада оқи алады. Ал TOEFL-да 120 балдық тесттен шегі 79 бал алу керек, ал абзалы 90-100 аралығында болған жөн. Халықаралық студент, ағылшынтілді ортада туып өспеген азамат ретінде бізге бұл сертификатты көрсету маңызды. Егерде сіз университеттің бакалавр АҚШ немесе Англияда бітіретін болсаңыз, келешекте сізден бәрібірде бұл сертификатты талап етуі мүмкін.

– Қоғамда АҚШ елшілігінен виза алу қиын, тілді жетік білсең де, білімің болса да оған қарамайды деген пікір бар. Бұл туралы не дейсіз?

АҚШ елі туралы көпшіліктің «америкалық арман»  деген сөзі бар. Сол себепті оқу жағынан, жұмыс жағынан мүмкіншілік көп ел. Алып ел болғандықтан АҚШ-та заңсыз кіріп-шығатын, криминалист адамдардан қорғануға арналған заңдар жиынтығы бар. Сондықтан виза алуда заңдық талаптары қатаң. Қазақстаннан АҚШ-қа жұмысқа барғысы келетіндердің қарасы көп. Ол жақта басқа мемлекеттердің стандарттарына қарағанда жалақысы жоғары болып келеді.  Дегенмен АҚШ-қа бара сала көп ақшаның астына бірден қаламын деп ойлауға болмайды. Өз басым, ең алдымен АҚШ-қа оқуға барып, өзін білікті маман ретінде көрсеткенсоң барып, жұмысқа орналасуды ұсынар едім. Яғни, маман ретінде өзіңізді дамытуды ұсынамыз. Соның арқасында кейін сізге виза алу процесі де жеңіл болады. Визада адамның нақты мақсаты қандай екенін жіті тексереді, соған сәйкес баратын азаматтың қаражатын қарайды. Яғни, оқуға немесе жұмысқа бара жатқан азамат болса оның қаржысы жүріп-тұруына жеткілікті ме, жоқ па сол қаралады. Егер адамда қажетті деңгейде ақшасы болмайтын болса онда ол азамат оқуына дұрыс зейін қоя алмайды, ақырында ақшамен қиналған кезде ақща табудың әртүрлі жолдарын қарастыруы мүмкін деп есептейді. Кіріп алсам болды, тек қара жұмыс істеймін немесе виза алсам болды деген бос арманды қою керек. АҚШ - өз-өзіңді дамытатын, мамандығыңды терең білуге арналған үлкен мектеп.

– «Екі елдің Жоғары оқу орындарын салыстыруға келмейді» деген нақты айырмашылықтарды атап өтсеңіз?

АҚШ пен біздің елдің жоғары оқу орындарының айырмашылығы жер мен көктей десек болады. Өйткені өкінішке қарай біздің елдің университеттерінің базалық заттары, оның ішінде отыратын орындықтары, тақтасы мен компьютерлері нашар жағдайда. Әрине бәрі емес, бірақ көбінде жағдайдың қалай екені бәріне мәлім. Одан бөлек, мұғалімдер қаншалықты еркін, өз саласын қаншалықты меңгергені жағынан әжептәуір айырмашылық бар. Сондай-ақ практикалық тұрғыдан біздің елімізде әлі де ЖОО-да көптеген ауқымды жұмыс атқарылуы керек. Біржағынан, АҚШ университеттерімен салыстыруға болмайды, себебі Қазақстанның оқу орындарының ақысы шамамен 2 мың доллар болса, ал АҚШ-та кемінде 15 мың доллардан басталады. Бұдан-ақ біз бір студентке қанша қаржы кететін байқаймыз. Демек, бір-біріне салыстыруға келмейтін қаржылар. Қаржыға да сәйкес оларда тәжірибе жүзіндегі білім көбірек болатыны анық. Сабақ беретін мұғалімдер бөлек, профессорлардың деңгейі де басқаша. Әрбір профессор өзінің зерттеген саласы бойынша ғана дәріс өткізеді. Бізде қаражаттың қамы деп бір профессор үш-төрт түрлі пәннен лекция оқи береді. Бұл жақта әр профессордың зерттеу алаңы болады, мәселен бір тәлімгер жүрек ауруларын зерттейде деп алсақ, соған сәйкес қана лекция оқиды. Сондықтан студенттерге де сапалы білім беріледі.

– Шынымен де, жұмысқа орналасқан адам қаржылай жағдайын тез жақсартып ала ма?

Қаражат мәселесі өте өзекті. Шетелге барған кезде алғашқы берген жалақы бәріне жетіп кетеді деген түсініктен арылу керек. Өйткені кез келген жерде бастапқы жалақы  төмен болады. Барлық жерде тәжірибеге қарайды. Шетелде алған жалақы күнкөріске жетеді және жыл өткен сайын белгілі бір пайызға өседі. Өкінішке қарай, Қазақстанда жыл өткен сайын бүкіл маман иелерінде жалақы бірдей өсе қоймайды және алған жалақы күнкөріс қамына жетуі қиын. Бірақ білікті маман болсаңыз, біздің елімізде де мүмкіндіктер өте көп. Жаңа бастама ашып, шетелдегі көп жобаның бірін Қазақстанға әкелсек, ұтатынымыз анық. Тек мықты маман болуға ұмтылу керек деп ойлаймын.

– Бұл тақырып көп қозғалады. Егер шетелдегі студенттің, жұмыскердің жағдайы жақсы болса неге елге қайтуы керек?

Кембридж университетіндегі көп елді аралап, тәжірибе жинаған ағылшын тілінің мұғалімі былай деген еді. «Көп елдерді араладым, сол кезде дамушы мемлекеттерден байқағаным түсініксіз бір патриоттық сезімдері болады» деп еді ол. Шынымен де, бізде түсініксіз патриоттық сезім бар. Иә, әр азамат отанына, туған жеріне әркез қолдап-қопаштап жүруі керек. Алайда, әркім алдыңғы қатарлы маман болуы үшін ізденуі керек, ол Қытайда немесе одан алыс елде болса да білім қуған жөн. Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин де бір сөзінде шетелде оқып, сол жерде жұмыс істеп елге оралған азаматтың мүлде жұмыссыз қалуы мүмкін екенін айтқан болатын. Оданда сол жерде қалып, интернет арқылы Қазақстанмен байланысуы керек деп ой тастаған. Мәселен, елімізде пандемиядан бұрын Microsoft және Google компанияларымен көптеген жұмыс атқарылды. Жұмыстардың көбі сол әйгілі компанияларды жұмыс істейтін өзіміздің азаматтар арқылы жасалды. Үндістан мен Қытай азаматтары бұл тәсілді бұрыннан қолданып келеді. Олар өз елдеріне көптеген мықты жобалар алып келеді. Бір маман айтқан дейді «өзіңіздің мамандарыңызды оқытыңыздар, оларды оқытқызсам кетіп қалады деп қорықпаңыздар, оқытпасам қалып кетеді деп қорқыңыздар» деген сөзі бар. Яғни білімді кетіп қалған азамат, білімсіз азаматтан бәрбір де жоғары тұрады деген ой.

– Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға