АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары қазақтың қонақжайлығына тәнті болды
Алматыға АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гор мен Мемлекеттік хатшының орынбасары Кристофер Ландау ресми сапармен келді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Сапар барысында америкалық делегация үкімет мүшелерімен және іскерлік қауым өкілдерімен кездесіп, Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың даму перспективаларын, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Сондай-ақ Серджио Гор мен Кристофер Ландау заманауи өнер музейін, Шымбұлақ тау-шаңғы курортын және Медеу мұз айдынын аралап көрді.
Кристофер Ландау сапардан кейін әлеуметтік желіде Қазақстан туралы жазба жариялап, ел мен халыққа деген жылы лебізін білдірді:
Алматы - Қазақстанның ең ірі және қаржы орталығы саналатын қаласы, ол Алатаудың баурайында орналасқан. Қаладан небәрі жарты сағаттық жерде әлемге әйгілі Шымбұлақ тау-шаңғы курорты бар. Біз қазақ халқының ерекше қонақжайлығына тәнті болдық. Өзімді үйдегідей сезіне бастадым, қасымда бүркіт пен жаңа қазақ достарым бар!», деп жазды америкалық дипломат.
Бұл сапар екі ел арасындағы серіктестікті нығайтуға және мәдени байланыстарды дамытуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.

