видеодан кадр

Аққуларды құтқарған ер адам желі жұлдызына айналды

Павлодар облысының Баянауыл ауданында жергілікті тұрғындар мұз басқан Тұлұсөр атты шағын көлде өлім аузында қалған аққу жұбын құтқарып қалды. Instagram желісінде жарияланған құтқару сәті түсірілген видео желіде кең таралып, көпшіліктің жүрегін елжіретті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Әлеуметтік желіге видеоны Бірлік ауылының тұрғыны Бауыржан Жақыпов жариялаған. Оның айтуынша, ол әкесімен бірге алдымен мұз қатқан көлдің үстінде жалғыз аққуды байқайды.

Кадрлардан әлсіреген құстың өз құтқарушысының мойнын құшақтағандай қимыл жасағаны көрінеді. Сол сәтте әкелі-балалы екеуі көлде тағы бір аққудың барын байқап, оған да көмекке ұмтылады.

Белгілі болғандай, екінші құс қауырсынымен мұзға қатып қалған. Жігіт оны абайлап мұздан босатып, кейін екі аққуды да көлікке салып алады.

Ауа райының күрт өзгеруінен аққулар аяз түспей тұрып ұшып үлгермеген болуы мүмкін. Күндіз жылымық болып, түнде суық түсіп, көл қатып қалған. Әлсіреген аналық аққу мұзға тұтылып қалған. Ал аталығы оны тастап кетпеген – нағыз аққуға тән адалдық. Сәрсенбі күні Бауыржан екі құсты Павлодардағы ветеринарлық клиникаға апарады, одан әрі орнитолог мамандарға көрсетеміз, – деді Павлодар облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Әждар Жүсіпов.

Құстарды құтқарған видео 200 мыңға жуық қаралым жинап, оған 15 мыңнан астам пікір қалдырылған. Қазақстандықтар ер адамдарға бей-жай қалмағандары үшін алғыс айтып жатыр.

«Өтіп кетпей, көмектескендеріңізге рахмет», «Жақсылық жақсылықпен қайтады», «Бұл құстар сіздерге бақыт әкеледі», – деп жазды желі қолданушылары.