Жаңалықтар

Ақорда: Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруды жоспарлап отырған жоқ

Ақорда: Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруды жоспарлап отырған жоқ
Фото: El.kz 26.05.2023 10:22 3266

Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуразиялық экономикалық форумға қатысудағы басты мақсатын атады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Мәскеу қаласында өткен II Еуразиялық экономикалық форумға қатысып, бірқатар мәлімдеме жасады. Ал бұл мәлімдемелер сарапшылар қауымдастығы тарапынан қызу талқыға түсті.

ЕАЭО аясындағы интеграция экономикалық сипатта ғана жүруі керек. Бұл – Президенттің негізгі ұстанымы. Оның шеңберінен шығу ұйымның жарғылық құжаттарының мақсаттарына, принциптері мен міндеттеріне қайшы келеді. Президент атап өткендей, экономикалық интеграция – бұл түпкі мақсат емес, ол экономиканы дамытудың және халықтарымыздың әл-ауқатын арттырудың негізгі құралдарының бірі. Яғни ұйым аясында қабылданатын кез келген шешім оның әрбір мүшесіне және, ең алдымен, олардың азаматтарына пайдасын тигізуі тиіс, - деді Желдібай.

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Қазақстанның одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес екендігін айтты.

Бүгінде ЕАЭО-ның екі мүшесі – Ресей мен Беларусь өзара ықпалдастықтың жоғары деңгейіне шықты. Бұл – ерекше прецедент. Мемлекет басшысының пайымынша, шын мәнінде, бір халық және бір мемлекет туралы сөз болып отыр. Осы ретте мүлде басқа мақсаттарды көздеген екі түрлі интеграциялық жоба шеңберіндегі бастамалардың ара-жігін ажырату аса маңызды. Біздің елімізге келетін болсақ, Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ, - деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға