Ақмола облысы Щучинск қаласында ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған «Үміт» спартакиадасының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Аталған спорттық шарада Ақмола облысының 18 өңірінен келген 200-ден астам қатысушы бағын сынап жатыр.
Спартакиада мамырға дейін жалғаспақ. Осы төрт күн ішінде қатысушылар өзара түрлі спорт түрлерінен сынға түсіп, қайсар мінезі мен жеңіске деген жігерін, сондай-ақ белсенді өмірлік ұстанымын паш етеді.
Байқау бағдарламасына нысана көздеу, ауыр атлетика, жүгіру, шахмат, үстел теннисі, асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ және жеңіл атлетика спорт түрлері енгізілген.
Спартакиаданың ашылу рәсімінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев құттықтау сөз сөйлеп, мұндай іс-шаралардың инклюзивті қоғам қалыптастырудағы, азаматтардың денсаулығын нығайтып, өмір сапасын арттырудағы маңызын атап өтті.
Айта кетсек, Ақмола облысында алғаш рет «Үміт» спартакиадасы осыдан 28 жыл бұрын ұйымдастырылған. 2013 жылдан бері өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Мерген» клубы жұмыс істеп келеді. Бүгінде бұл клубта спортшылар 13 түрлі спорт түрімен айналысады.

