Ашық дереккөзден

Ақмола облысында жол апатынан үш адам бақилық болды

«Астана – Петропавл» автожолының 243-шақырымында «Hyundai Elantra» және «ВАЗ-2107» көліктерінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Апат салдарынан «ВАЗ-2107» көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмған. 

Ал «Hyundai Elantra» көлігінің жүргізушісі мен төрт жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Қазір бұл фактіге байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады, - деп жазылған Ақмола облыстық ПД таратқан ақпаратта. 

Ақмола облысының полицейлері жол қозғалысына қатысушыларға жылдамдықты асырмау, арақашықтықты сақтау, қарсы жолаққа шықпау және жолда мұқият болу қажеттігін ескертіп отыр. Сондай-ақ, көлік көп жүретін болатын аумақтарда аса сақ болу маңызды.