Жаңалықтар

Ақмола облысында жаңа мектеп ашылды

Ақмола облысында жаңа мектеп ашылды
Фото: Ақмола облысының әкімдігі 16.12.2023 04:32 1045

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Аршалы ауданының Жалтыркөл ауылында 300 орындық мектеп ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі өңір әкімдігіне сілтеме жасап. 

Мектеп білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражатына салынды. Онда 21 кабинет бар, оның ішінде физика, химия, шетел тілі, алғашқы әскери дайындық, технология пәндері бойынша 7 арнайы кабинет, 2 компьютерлік сынып, 4 бастауыш сынып, сондай-ақ, спорт және акт залы, психолог кабинеті бар. Білім ошағында бүгінгі таңда 250 оқушы оқиды.

Жұмыс істеп тұрған негізгі мектеп жаңасының қолданысқа енгізілуіне байланысты жалпы білім беретін мектеп болып, бұрын Жібек жолы ауылында білім алған орта мектеп оқушыларының оқуын жалғастыруына мүмкіндік береді.

Жаңа мектепті Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов аралап көрді.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жаңа мектептің ашылуы баршамыз үшін үлкен қуаныш. Соңғы жылдары облысымызда үш ауысымда оқытуды жою жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орта білімнің сапасы табысты ұлт болып қалыптасудың маңызды шарты екеніне әрқашан баса назар аударумен келеді. Біз өзімізде оқитын әрбір оқушының сапалы білім, саналы тәрбие алып, жан-жақты дамуы үшін барлық қолайлы жағдайды жасауымыз керек, - деді өңір басшысы.

Ауыл тұрғыны Өмірзақ Қонарбаев жаңа мектептің салынуына ризашылығын  білдірді.

Жаңа мектептің ашылып жатқанына өте қуаныштымыз. Бұл біздің ауыл үшін айтулы оқиға. 6 немерем осында оқиды, Жалтыркөл ауылындағы мектеп бұрын да игі дәстүрлерімен, жоғары жетістіктерімен аты шыққан мектеп болды деп сеніммен айта аламын. Осы сабақтастық одан әрі жалғасын тауып, жаңа оқу орнында оқыған оқушыларымыз зерделі де зерек болса екен деп тілеймін. Жаңа мектеп қабырғасынан жаңа өмірге қадам басқан түлектер күні ертең елімізге адал қызмет ететін өнегелі азаматтар болып шықса екен, - деп өз ізгі тілегін жеткізді Ө.Қонарбаев.

Мектептің ашылуына орай, «Сәтті жұлдыз» серіктестігі ауылдық жерлердегі балалар арасында үстелдік зияткерлік ойындарды дамытуға бағытталған «Интеллектуалды конструктор сыныбын» сыйға тартты.            

Биыл Ақмола облысында 3592 орындық 5 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ал жалпы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында аймақта  22 600 орындық 18 мектеп салу жоспарлануда.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға