Ақмола облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар үш есе ұлғайтылды
Елімізде су тасқынының салдарын жою жұмысы аяқталды. Жалпы, Ақмола облысы бойынша 1266 отбасы зардап шеккен. Бұл туралы өңір басшысы Марат Ахметжанов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 820-дан астам отбасына мүлік шығыны өтелді, 715 отбасына үйлерін жөндеуге өтемақы төленді.
Шамамен 2 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды. 221 отбасы үшін пәтерлер мен үйлер сатып алдық. Сондай-ақ облысымызда 330 отбасы үшін жаңа үйлер салып бердік, - деді Ақмола облысының әкімі.
Марат Мұратұлының айтуынша, су тасқыны кезінде жол инфрақұрылымы да зақымданған. Барлық учаскеде көлік қатынасы дереу қалпына келтірілді. Апат кезінде зақымданған үш көпір бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалар әзірленуде.
Қазіргі сәтте облыста су тасқынына қарсы іс-шаралар өткен жылмен салыстырғанда үш есе ұлғайтылды.
Бүгінгі таңда 174 елді мекенде 65 шақырым су өткізу арнасы жасалып, 38 шақырым өзен арнасы тазартылды, су өткізу арнасының 34 шақырымы кеңейтіліп, тереңдетілді. 110 шақырым бөгет нығайтылып, 21 шақырым жаңа бөгеу тұрғызылды, су өткізу құрылыстары жүргізіліп, су құбырлары тазартылды. 9 елді мекенде су деңгейін бақылау үшін қосымша гидро бекеттер құрылды, - деп атап өтті өңір басшысы.
Сонымен қатар Атбасар қаласында қорғаныс үшін шлюздер орнатылып жатыр. Ол тасқын судың қауіпсіз ағып өтуін қамтамасыз етіп, шамамен 400 үйдің су басу қаупін азайтады.
Жер снарядтарын сатып алу есебінен Атбасар ауданында Жабай өзенінің түбі тереңдетіліп жатыр. Қазір өзеннің 2,5 шақырымы 5 метрге дейін тереңдетілді, - деді Марат Ахметжанов.
Жоғарыда аталған жұмыстар облыс орталығындағы Қылшақты өзенінде де жүргізілді. Оның 4,3 шақырымы тазартылды.
Халықтың ұсынысын ескере отырып, Целиноград ауданының Талапкер және Қоянды ауылдарында еріген суды өткізуге арналған жалпы ұзындығы 8 шақырымды құрайтын айналма каналы салынды.
«Демеу Қазақстан» қоры есебінен 3 бөгет салынуда, Жабай, Шағалалы және Қалқұтан өзендерінің жағасы нығайтылып жатыр.