Жаңалықтар

Ақмола облысында полиция есірткі сатушыдан 18 келі гашиш тәркіледі

Ақмола облысында полиция есірткі сатушыдан 18 келі гашиш тәркіледі
Фото: El.kz/Арман МҰХАТОВ 08.11.2024 11:47 403

Ақмола облысының елордаға жақын аудандарының бірінде полицейлер кезекті есірткі сатушының заңсыз әрекетіне тосқауыл қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұзақ мерзімді жедел жұмыстардың нәтижесінде күдікті ұсталып, заңсыз айналымнан 18 килограмнан астам гашиш тәркіленді. Бұл операцияға полиция департаментінің қызметкерлері мен 5573 әскери бөлімінің кинологтары Макс, Рич және Самурай есімді қызметтік иттермен қатысып, іздестіру және анықтау шараларында маңызды көмек көрсетті.

Тінту барысында төрт аяқты көмекшілер күдіктінің үйінен тыйым салынған зат салынған қапты, сондай-ақ тіркелмеген қаруды тауып, полицейлерге үлкен жәрдемін тигізді. Зерттеу барысында күдіктінің есірткіні сақтап қана қоймай, оны сатумен де айналысқаны анықталды. 

Қазіргі уақытта аса ірі көлемдегі есірткі заттарын заңсыз сақтау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 48 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға