Жаңалықтар

Ақмола облысында мүгедектігі бар адамдар үшін 900-ден астам объект бейімделген

Ақмола облысында мүгедектігі бар адамдар үшін 900-ден астам объект бейімделген
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney 26.09.2024 09:38 267

Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Ақмола облысында 941 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР ЕХӘҚМ мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының 2023 – 2027 жылдардағы жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.

«Amanat» партиясының жол картасында 2023 – 2027 жылдар аралығында Интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 35 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын объектілердің 20%-ы бейімделуге жатады. Осылайша, 2023 жылы картадағы объектілердің – 20%, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, 2027 жылы – 100%. Қазіргі уақытта ел бойынша 16 541 объект толығымен бейімделген, - делінген мәліметте.

Осы жылдың соңына дейін Ақмола облысы бойынша 653 нысанды бейімдеу жоспарланған, өңірде жоспар артығымен орындалып, 941 нысанда бейімдеу жұмыстары жүргізілді.

Мәселен, өңірдегі 941 объектінің ішінен төмендегі объектілер мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қол жетімді:

- денсаулық сақтау объектілері – 132;

- білім беру объектілері – 337;

- мәдениет нысандары – 87;

- сауда және қызмет көрсету объектілері – 95;

- мемлекеттік ұйымдар – 194;

- спорт нысандары – 16;

- көлік инфрақұрылымының объектілері – 9;

- қоғамдық тамақтандыру объектілері – 5;

- әлеуметтік қорғау объектілері – 8;

- басқалары – 58.

Бұдан басқа мемлекеттік бақылау шеңберінде Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті биыл мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік және т.б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 63 тексеру жүргізді, оның ішінде: 22 – жоспардан тыс тексерулер, 35 – профилактикалық бақылау және прокуратураның талабы бойынша 2 тексеру болды.

Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 32 ұйғарым беріліп, 6,6 млн теңгеден астам сомаға 12 әкімшілік айыппұл салынды.

Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпастан жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға