El.kz

Ақмола облысында ауыл құтқарушылары үйді өрттен құтқарды

19.10.2025 22:49

Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Журавлевка ауылында жеке тұрғын үйдің аумағында орналасқан шаруашылық құрылыстан өрт шықты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Шаруашылық құрылыс үйге жапсарлас салынғандықтан, тұрғын үйге оттың таралу қаупі туындаған. Өрт сөндіру бөлімінің қашықтығына (шамамен 90 км) байланысты оқиға орнына алғаш болып осы ауылда жақында ғана "Ауыл құтқарушылары" ведомстволық бағдарламасы аясында құрылған ерікті өрт сөндіру пунктінің құтқарушылары келді.

Олардың жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында өрт 56 шаршы метр аумақта толықтай оқшауланып, сөндірілді. Жалынның тұрғын үйге таралуына жол берілмеді.  Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр, - деп жазылған ТЖМ ақпаратында.