Жаңалықтар

AQBÓKEN Saiga tatarica фотоальбомы жарық көрді

AQBÓKEN Saiga tatarica фотоальбомы жарық көрді
Фото: © iStock 16.05.2023 17:53 795

Ертең Астанадағы Nur Alem павильонында елімізде алғаш рет жарық көріп отырған ғылыми-танымдық AQBÓKEN Saiga tatarica фотоальбомының ресми таныстырылымы өтеді, деп хабарлайды EL.KZ ақпараттық агенттігі.  

Фотоальбом қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде 1000 дана таралыммен жоғары сапада басылған.

Ақбөкен – Еуразия даласында Плейстоцен дәуірінен бері тіршілік етіп келе жатқан, жер бетінен жойылып кеткен ЗІЛДЕРдің  (мамонт) көзін көрген ең ежелгі жануарлардың бірі. Ол соңғы жүз жылдықта бірнеше рет жойылып кетуге шақ қалды.

Табиғатпен етене тіршілік кешкен халқымыз даланың осы бір нәзік те сүйкімді, сұлу жануарын ежелден қадірлеп, киелі санады. Ән мен жырына қосты. Аңыз-әпсанасына арқау етті.

Бірақ өкінішке қарай, бүгінгі ұрпақтың, қазіргі қоғамның ақбөкен туралы мағлұматы мүлдем мардымсыз. Басым көпшілігінің негізгі дерек көзі – ақбөкен жаппай қырылған кездердегі мақалалар мен телесюжеттер, браконьерлікке байланысты жаңалықтар, сондай-ақ табиғат жанашырларының әлеуметтік желілерге жүктеген фото және бейнематериалдары.

AQBÓKEN saiga tatarica фотоальбомы ең алдымен осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат тұтты. Соған орай фотосуреттерге басымдық бере отырып, ақбөкен туралы ғылыми-танымдық мәліметтер қысқа да нұсқа баян түрінде ұсынылды. Ақбөкеннің шығу тегі, ежелгі һәм қазіргі таралу географиясы, биологиялық ерекшеліктері, экожүйедегі орны және оған төнген заманауи қауіп-қатер сынды тақырыптар қамтылған.

Фотоальбомға оннан астам отандық және шетелдік фотографтың жылдың әртүрлі маусымында түсірген 100-ден аса фотосуреті енгізілген.

Кітапқа Тиль Дитрих (NABU (Германия Табиғат және биоалуандықты қорғау одағы) еуразиялық жұмыс тобының төрағасы)) және Ю. Грачев (ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті Зоология институтының жетекші ғылыми қызметкері, б.ғ.к.) сынды ғалымдар пікір жазып, оң бағасын беріп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға