rus.err.ee

Ақ үйде Трамп пен Зеленскийдің кездесуі өтіп жатыр

18.08.2025 22:44

Украина президенті Владимир Зеленский мен бірқатар еуропалық мемлекеттердің көшбасшылары АҚШ президенті Дональд Трамппен Ақ үйде келіссөздер жүргізуде, деп хабарлайды шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап El.kz интернет порталы.

Алдымен Трамп Владимир Зеленскиймен, кейін басқа еуропалық көшбасшылармен кездесті. Зеленскиймен өткен кездесуге АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс, мемлекеттік хатшы Марко Рубио, арнайы елшілер Стив Уиткофф пен Кит Келлог қатысты. Украина тарапынан Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров пен Президент әкімшілігінің басшысы Андрей Ермак қатысты.

Кездесудің басында Трамп Украина президентіне сапары үшін алғыс айтып, Украинада бейбітшілік орнату жолында ілгерілеушілік бар екенін атап өтті.

АҚШ президентінің айтуынша, бәрі ойдағыдай өрбісе, Ресей, Украина және АҚШ басшыларының қатысуымен үшжақты кездесу ұйымдастырылуы тиіс. Зеленский мұндай кездесуге дайын екенін білдірді.

Трамп тағы да бейбіт келісімге қол жеткізу қажеттігін айтты. Оның сөзінше, Украинадағы реттеу шаралары ұзақ мерзімді әрі тұрақты болуы керек. Сондай-ақ, Трамп Ресей президенті Владимир Путиннің қақтығысты аяқтауға мүдделі екеніне сенімді екенін жеткізді. Дегенмен, АҚШ президенті соғыстың аяқталу мерзіміне қатысты ештеңе айтпады.

Трамптың айтуынша, АҚШ Украинадағы қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысатын болады.

Сонымен қатар, АҚШ президенті бейбіт келісімге қол жеткізбейінше атысты тоқтату мүмкіндігіне күмән келтірді. Бұған дейін Украина мұндайға келісім берген, алайда Ресей келіспеген.