Бүгін ұлттық құрама қысқы Олимпиада ойындарындағы жолын жалғастырады. Спортшыларымыз спорттың бес түрінен сынға түседі.
Алдымен Надежда Степашкина мен Дарья Ряжко жарыс жолына шығады. Олар шаңғы жарысынан әйелдер арасындағы командалық спринте өнер көрсетеді. Жарыс Астана уақытымен 13:45-те басталады.
Ұлттық құрама мүшесі Александра Скороходова тау шаңғысынан әйелдер арасындағы слалом бәсекесіне қатысады. Жарыс Астана уақытымен 14:00-де басталады. Айта кетерлігі, 17 ақпанда Италиядағы Ливиньо тау шаңғы курортында қалың қарға байланысты XXV қысқы олимпия ойындарындағы фристайл-акробатика жарысының іріктеу уақыты өзгерді. Бастапқыда әйелдер арасындағы іріктеу 17:00-ге ауысқан, артынша жарыстың 18 ақпанда өтетіні хабарланды.
Әмірғали Мұратбеков пен Наиль Башмаков Олимпиададағы жолын жалғастырады. Олар шаңғы жарысынан ерлер арасындағы командалық спринтке шығады. Жарыс Астана уақытымен 14:15-те басталады.
Ал Абзал Әжіғалиев пен Денис Никиша бүгін түнде ширек финалда бақ сынайды. Ерлер арасында 500 метр қашықтықтағы бәсеке 00:15-ке белгіленген.
Әзірге Қазақстан құрамасының қоржынында бір алтын жүлде бар. Медаль мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровқа тиесілі. Спортшыларымыз жалпыкомандалық есепте 17 орында тұр. Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтіп жатқан XXV қысқы Олимпия ойындарында спорттың он түрінен 36 спортшымыз ел намысын қорғап жүр.

