Жаңалықтар

Ақ металдың әлемі

Алюминий дәуірі туып келеді
Ақ металдың әлемі
Фото: egemen.kz 05.03.2023 10:31 1750

Осыдан 150 жылдай уақыт бұрын адамдар алюминийді түсіне қарап күміске балаған екен. Сол тұста бұл металл алтыннан да қымбат саналған көрінеді. Үшінші Наполеон өз байлығы мен құдіретінің белгісі ретінде алюминийден қасық, кесе, табақ секілді ыдыс-аяқ жасатады. Үстел басында оларды ерекше мәртебенің белгісі ретінде императордың өзі және оның отбасы мүшелері мен құрметті қонақтар ғана пайдаланады. Басқаларына күміс пен алтыннан жасалынған сервистік жиһаздар ұсынылады екен.

 Қарқынды дамыған сала

Қазіргі күні алюминий – әлемде ең кеңінен таралған металдардың бірі. Пайдаланылу көлемі жағынан ол барлық металдар арасынан болаттан кейінгі екінші орынға шығып отыр. Ұшақ пен автокөлік өнеркәсібінің қарқынды дамуы мен қалалар құрлысының күшеюі, энергетикалық құралдар өнеркәсібінде көп жағдайда мыстың орнын алюминийдің басуы бұл қанатты металды адамзаттың ең басты қажеттіліктерінің біріне айналдырды. Бұған жер қыртысында алюминий алуға болатын боксит кен орындарының көбірек кездесуі де себеп болды. Сарапшылардың пікірінше, күміс түстес бұл ақ металл ХХІ ғасырдың ең конструктивті материалдарының бірі ретіндегі өз орнын алдағы уақытта да нығайта бермек.

Әлемде алюминий өнеркәсібінің жедел дамуын мына цифрлардан анық байқаймыз.

1854-1890 жылдар аралығында Жер шарында барлығы 200 тоннаға жуық алюминий өндірілген екен. Сонан кейінгі 10 жылдың ішінде бұл көрсеткіш 140 есе өсіп, 28 мың тоннаны құрап шыға келеді. 1930 жылға дейін тағы да 10 есе өсіп, 270 мың тоннаны құрайды. Ал ХХ ғасырдың ортасында, яғни мұнан кейінгі жиырма жыл ішінде алюминий өндірісінің көлемі 1 миллион тоннаға жетеді. Бұл көрсеткіш 1973 жылға дейін тағы он еселеніп, 10 миллион тонна болады. Соңғы жылдары орта есеппен 60 миллион тоннаны құрап отыр. Мәселен 2022 жылдың 7 айында әлемде 39,5 миллион тоннаның алюминийі өндірілген. Яғни соңғы қырық жылдан астам уақыттың ішінде алюминий өндірісі мен оны тұтыну деңгейі тағы да 6-7 есе өскен.

Сонымен алюминий адамзат қоғамында соңғы 150 жыл ішінде барынша белең алған индустрияландыру, урбанизация үдерістері мен техникалық прогресстің бөлінбес бөлшегіне айналды. Сарапшылардың пікірінше, әлемдік алюминий нарығы алдымыздағы он жылдың ішінде тағы да 60-70 пайызға өсуі тиіс.

Адамзат өз дамуының алғашқы ғасырларында тастан жасалған құралдарды пайдаланғандықтан ол кезең тас дәуірі деп аталды. Сонан кейін қола дәуірі келді. Оның басты заттары мыс пен қалайы болды. Ал қазіргі кезді темір дәуірі деп айта аламыз. Өйткені өндіріс пен тұрмыста темірдің араласпайтын жері жоқ. Ғалымдар мен сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта оның орнын алюминий басуы тиіс.

«Ерте ме, кеш пе алюминий ағашты да алмастыратын болады. Бұл неткен үлкен байлық еді. Барлық жерде алюминий және алюминий» деп жазған еді орыс философы әрі жазушысы Н.Чернышевский 1863 жылы өзінің «Не істеу керек?» атты кітабында. Ғалымның осы көрегендік болжамы қазір жүзеге асу үстінде.

Алюминийдің ең үлкен қасиеті оның жеңілдігі мен беріктігінде Сондықтан да оған «қанатты металл» деген ат берілген. Бұл металдың тағы бір басты қасиеті ол табиғатта молынан кездеседі. Жер қыртысының 8,8 пайызы алюминийден тұрады. Былайша айтқанда, алюминий дегеніңіз біздің аяғымыздың астында жатыр. Ол, әсіресе ылғалды өңірлердің топырағында молынан шоғырланған. Бірақ таза алюминийдің өзін дайындау технологиясының күрделілігі, энергияны көп қажет ететіндігі, осыдан барып бағаның қымбат болатындығы оны молынан өндіру ісіне тұсау салып келеді. Әйтпесе, алюминий көп жағдайда болаттың, басқа да темір түрлерінің орнын айырбастаған болар еді.

 Ірі өндірушілер кімдер?

Алюминий өндіру үшін ең алдымен боксит кенін қазып алып, оны глиноземге, яғни алюминий тотығына айналдыру керек. Мұнан кейін ол алюминий зауыттарына жөнелтіліп, сол жерден дайын металл күйінде шығарылады. Алюминийді металға өңдеу онша жеңіл іс емес. Сондықтан алюминий зауыттары негізінен дамыған елдерде және Қытай, Үндістан секілді қарқынды дамып келе жатқан елдерде шоғырланған.

Алюминийдің әлемдік ірі өндірушілері, әдетте, құрамына боксит кеніштері мен глинозем зауыттарын қамтыған тігінен интеграцияланған холдинг ретінде әрекет етеді. Бұл оларды шикізатқа тәуелділіктен және шикізат бағасының құбылуынан қорғайды. Ал шағын өндірістер шикізатты сырттан жеткізушілерден сатып алатындықтан олардың жағдайы тұрақты бола бермейді.

Алюминий рыногындағы баға басқа металдарға қарағанда тұрақтылығымен сипатталып келеді. Соңғы 30 жылдың ішінде ол тек 2008 жылы рекордтық деңгейге жетіп, тоннасына 3000 долларға дейін шарықтады. Осы кезде алюминий көп өндірілді де 2009 жылы 1370 долларға дейін құлдырап кетті. Осы кезде өндірісте дағдарыс орнығып, баға қайта қалпына келді. 2016 жылы алюминийдің әлемдік биржалардағы бағасы шамамен тоннасына 1900 доллардың айналасында қалыптасса, Лондонның металлдар биржасындағы 2023 жылдың 17 қаңтар күнгі бағасы 2595 АҚШ долларын құрады.

 Қазақстанның ірі жетістігі

Қазақстандағы алюминий өндірісі Ресейден кейінгі екінші орынды тұрақты түрде иеленуде. Бұған еліміздегі боксит кен орындарының молдығы ықпал етуде. Олар негізінен еліміздің солтүстік өңірінде, соның ішінде Торғай даласында шоғырланған. Кезіндегі Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауларын пайдалану комитетінің мәлімдеуінше, еліміздегі алюминий (боксит) қоры 809 миллион тонна деп бағаланып отыр. Жылына, шамамен алғанда 5-6 миллион тонна боксит өндіріледі деп артығымен есепке алғанның өзінде бұл қор бізді әлі кемінде 100 жыл бойы қанатты металмен қамти алады.

Тәуелсіздік жылдарында еліміздегі алюминий өндірісі глинозем дайындау деңгейінде ғана қалыптасты. Торғай бокситі Павлодардағы алюминий зауытына жеткізілетін де сол жерде глиноземге айналдырылатын. Мұнан әрі ол Ресейге жөнелтіліп, сол жақтан таза алюминий алынатын. Қазақстанда алюминий   өндірісін құру ел басшылары мен бизнесмендердің үлкен армандарының бірі болды. Бұл арманға 2007 жылы қол жеткізілді. Осы жылдың 12 қаңтарында Павлодарда салынған электролиз зауыты іске қосылды. Сөйтіп, Қазақстан тарихында алғашқы алюминий алынды. Бұл елімізде алюминий алудың толық циклі қалыптасып, түсті металдар өндірісінің жаңа кластері пайда болды деген сөз.

Кезең-кезеңмен салынған Қазақстан электролиз зауыты өз өндірісін жылдан жылға арттыра түсуде. 2016 жылы ол рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, 235 мың тонна бастапқы алюминий өндірді. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 14 мың тоннаға артық. Зауыттың жобалық қуаты 250 мың тоннаны құрайды. Осындай жетістіктердің нәтижесінде жаңа өндіріс орнында 2600 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта алюминий қосындыларын алу және олардан бұйымдар жасап шығару ісі қолға алынған. Яғни зауыт қасынан жаңа өнеркәсіп орындары бой көтеретін болады.

Зауыттың өнімінің 90 пайызға жуығы экспортқа бағытталады. Оны Ресей, Украина, Беларусь, Қытай, Өзбекстан кәсіпорындары тұтынады.

Тәуелсіз Қазақстанда алюминий кластерінің пайда болуы нәтижесінде еліміздің әлемдік рыноктағы орны жыл өткен сайын нығайып келеді. Алдымыздағы алюминий дәуірі Қазақстанның оң жамбасына дөп келетіні сөзсіз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға