Аптасына 4 күн жұмыс істеу тиімді ме? HR мамандары жауап берді
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Аптасына бес күн жұмыс істеу – көпшіліктің үйреншікті тәртібі. Бірақ соңғы жылдары әлемде жаңа тренд пайда болды: төрт күн ғана жұмыс істеп, үш күн демалу. Бүгінде бұл идеяны Норвегиядан Жапонияға дейінгі елдер сынақтан өткізіп, нақты нәтижесін көрсетіп отыр. Қызметкерлердің көңілі тоқ, ал ұйымдардың көрсеткіші жоғары. Ал Қазақстан мұндай қадамға қаншалықты дайын? HR мамандардың пікірі мен әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, осы сауалға жауап іздеп көрдік.
Мұхаммед-Емин Нұман – HR саласындағы тәжірибесі мол маман. Болашақ бағдарламасының түлегі ретінде Мұхаммед-Емин Канададағы Торонто университетінде магистр дәрежесін алып, халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маманға айналды. Қазір ол Норвегияның Сандефьорд қаласында орналасқан Jotun компаниясында HR Data Analyst қызметін атқарады.
Кейіпкеріміз HR саласындағы трендтер, кадрлық саясаттың ерекшеліктері және төрт күндік жұмыс аптасы жөнінде өз тәжірибесімен бөлісті.
El.kz: Ең алдымен, өзіңіз туралы толық айтып берсеңіз. Қай жерде жұмыс істейсіз? Қазақстанда қай жерде жұмыс істедіңіз?
Мұхаммед-Емин Нұман: Қазір Норвегияның Сандефьорд қаласында Jotun компаниясында HR Data Analyst болып жұмыс істеймін. Бұған дейін Қазақстанда HR саласында еңбек еттім, сондай-ақ мемлекеттік қызметте және жергілікті квазимемлекеттік компанияда тәжірибем болды.
Қазіргі жұмысымды Jotun компаниясынан LinkedIn арқылы таптым. Жұмысқа шақырту түскенде біраз ойландым, әріптестерім мен басшыларымнан кеңес сұрадым. Барлығы бірауыздан «Бұл – Еуропада тәжірибе жинауға үлкен мүмкіндік, Қазақстанға кез келген уақытта оралуға болады» деді.
El.kz: Норвегиядағы қазіргі жұмыс кестеңіз 8:00–16:00 аралығында екен. Бұл сіз үшін алғашында қандай әсер қалдырды?
Мұхаммед-Емин Нұман: Басында таңқалдырды. Себебі жұмысты дәл уақытында бастау, дәл уақытында аяқтау – Қазақстандағыдай емес, мұнда нақты жүйеге қойылған. Менің жұмыс кестем былай: дүйсенбіден жұмаға дейін офиске келеміз, күн сайын жұмыс 8:00-де басталып, 16:00-де дәл аяқталады. Бұл маған өте ыңғайлы. Әсіресе, 16:00-де жұмысты тоқтату әдеттен тыс көрінді. Бұрынғы жұмысымда өзімнің бастамаммен ерте келіп, күні бойы барынша өнімді болуға тырысатынмын. Сондықтан жұмысты ерте бастау маған жат емес. Ең бастысы – қазір отбасыма көбірек уақыт бөлуге мүмкіндігім бар.
El.kz: Қазақстандағы жұмыс режимімен салыстырғанда қандай ең үлкен айырмашылықты байқадыңыз?
Мұхаммед-Емин Нұман: Ең үлкен айырмашылық – уақыттың қадірі. Қазақстанда көп жағдайда жұмыс уақыты созылып кетеді, ал мұнда жұмыс уақыты тек жұмысқа, қалған уақыт отбасы мен жеке өмірге арналады. Өз тәжірибемді үш түрлі компания арқылы салыстыруға болады. Біріншісі – мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік компания. Ол жерде мүлде баланс болған жоқ, жұмыс пен жеке өмірдің арасы анық бөлінбейтін. Екіншісі – Теңізшевройл. Бұл жерде басшылық қызметкерлерге көп көңіл бөледі. Мысалы, кеңсе қызметкерлері дүйсенбі мен жұма күндері үйден жұмыс істей алады, яғни нағыз тиімді «гибридті график». Бұл отбасымен көбірек уақыт өткізуге үлкен мүмкіндік береді. Үшіншісі – қазір жұмыс істеп жүрген Jotun компаниясы. Мұнда дүйсенбі мен жұмада міндетті түрде кеңсеге келу керек. Ал жұмыс уақыты нақты сағат 16:00-де аяқталады. Бұл да отбасына уақыт табуға өте ыңғайлы.

El.kz: Жұмыс күнінің нақты уақытта аяқталуы қызметкерлердің өнімділігіне қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
Мұхаммед-Емин Нұман: Бұл – мотивацияны күшейтеді. Себебі қызметкер жұмысының белгілі бір шектеулі уақыт ішінде бітуі тиіс екенін біледі, сол үшін тиімді жұмыс істейді. Бұл сұрақ маған Илон Масктың айтқанын еске салады: егер адамға жұмысты бітіруге 20 күн берсеңіз, ол 20 күнде бітіреді, ал 10 күн берсеңіз – 10 күнде орындайды. Сол сияқты, нақты уақытқа құрылған жұмыс кестесі адамды жинақы қылып, өнімділігін арттырады. Норвегиядағы «баланс мәдениеті» – уақытында жұмыс істеп, қалғанын отбасына арнау – Қазақстан жағдайында іске асады деп ойлаймын. Қазірдің өзінде бірқатар қызметкердің жұмыс пен отбасы арасындағы балансқа ерекше мән беретінін байқауға болады. Менің ойымша, уақыт өте келе мұндай баланс Қазақстандағы көптеген компанияларда қалыптасады. Ол үшін мәдениеттің өзі өзгеруі керек. Бастықтың көзқарасы, компанияның саясаты өзгерсе ғана іске асады.
El.kz: Түскі ас уақытына арнайы уақыт беру, кеңседен шығып серуендеу дәстүрі сіздің ойыңызша жұмыстың тиімділігін арттыра ма?
Мұхаммед-Емин Нұман: Әрине. Бұл миға да, денсаулыққа да пайдалы. Жаңа энергия береді. Өнімділікті арттырады. Таңертең компьютер алдында ұзақ отырып қалу қан айналымын баяулатады. Түскі серуендер денені қозғалтуға өте пайдалы. Сонымен қатар, Норвегияда ауа өте таза, табиғат көріністері керемет. Мұндай әсемдікте серуендеген соң жаңа идеялар туып, жұмысқа шабытың ашылады.
El.kz: Қазақстандық жұмыс берушілер Норвегия тәжірибесінен қандай сабақ алуы керек деп ойлайсыз?
Мұхаммед-Емин Нұман: Ең бастысы – қызметкердің жеке өміріне құрмет көрсету. Норвегияда адамдар уақытында жұмыс істейді, бірақ жұмыс аяқталған соң жеке өміріне, отбасы мен демалысына толық көңіл бөледі. Бұл тек қызметкердің көңіл-күйін, мотивациясын арттырып қана қоймай, компанияның ұзақ мерзімді тиімділігін де арттырады: стресстің азаюы, өнімділіктің өсуі, қызметкерлердің компанияда ұзақ жұмыс істеуі осының нәтижесі. Қазақстандық компаниялар осы тәжірибеден үйреніп, жұмыс кестесін нақтылау, түскі демалыска шығу, серуендеу және икемді жұмыс режимін енгізу арқылы қызметкерлердің энергиясын, шығармашылығын және жалпы өнімділігін арттыра алады. Сонымен қатар, бұл компанияның имиджін де жақсартып, талантты мамандарды тартуға көмектеседі.
El.kz: Жастардың work-life balance-ке деген көзқарасы өзгеріп келеді дедіңіз. Бұл үрдісті Қазақстанда қай салаларда көбірек байқауға болады?
Мұхаммед-Емин Нұман: Иә, бұл үрдіс айқын байқалады. Ең алдымен IT саласында – бағдарламашылар мен стартап қызметкерлері ыңғайлы кесте мен үйден жұмыс істеу мүмкіндігіне мән береді. Шығармашылық индустрияда – дизайнерлер, фотографтар, медиа мамандары өз уақытын тиімді пайдаланып, шабыт алу үшін жеке уақытқа мән береді. Сондай-ақ халықаралық компанияларда, әсіресе трансұлттық корпорациялар мен консалтинг саласында, жастар жұмыс пен жеке өмірдің теңгерімін сақтауға тырысады. Жалпы, қазіргі жастар үшін жұмыс тек табыс көзі емес, сонымен қатар өмір сапасын арттыру құралы болып табылады, сондықтан олар икемділік, жеке уақыт және демалысты жоғары бағалайды.
El.kz: Егер Қазақстанда да осындай жүйе енгізілсе, ол ең алдымен қай салаға тиімді болар еді?
Мұхаммед-Емин Нұман: Менің ойымша, бұл жүйе ең алдымен банк саласы, мемлекеттік қызмет және ірі ұлттық компанияларға тиімді болар еді. Себебі осы салаларда қызметкерлердің көп бөлігі әлі күнге дейін «басшы кеткенше отыру» дәстүріне сүйеніп, ұзақ уақыт жұмыс істейді. Мұндай жүйе енгізілсе, адамдар нақты жұмыс уақыты ішінде тиімдірек жұмыс істеп, артық уақытты тек отыруға өткізбей, энергиясын дұрыс пайдалана алады. Сонымен қатар, бұл жұмысшылардың күйзелісін азайтып, олардың жеке өмірі мен отбасына уақыт бөлулерін қамтамасыз етеді, нәтижесінде компаниялар да ұзақ мерзімді перспективада өнімділікті арттырады.
Норвегиядағы нақты уақытқа құрылған жүйе мен үшін ыңғайлырақ. Мұнда жұмыс уақыты нақты белгіленген және жұмыс күнінің соңында міндетті түрде аяқталады. Бұл кәсіби тұрғыда менің әр тапсырмаға уақытты дұрыс жоспарлайсың, асықпай, сапалы жұмыс істей аласың. Сонымен қатар, жеке өмір мен отбасылық уақытқа да жеткілікті көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Қазақстандағы ұзақ жұмыс мәдениеті кезінде адам жиі күйзеліске ұшырап, энергиясы таусылып, шығармашылық ойлау мен өнімділік азаяды. Ал Норвегиядағы жүйе денсаулыққа да пайдалы, демалуға уақыт береді, соның арқасында жаңа идеялар пайда болып, жұмысқа шабыттанасың.
Қосымша бір күндік демалыс - қызметкерлер үшін пайдалы
Қоғамда төрт күндік жұмыс аптасына қатысты пікірталас қарқынды жүріп жатыр, алайда бұл тәжірибе Қазақстанда әзірге толық енгізілмеген. Бұл туралы HR маманы Арна Аманғалиева өз пікірін білдірді.
Оның айтуынша, жекелеген компанияларда, әсіресе IT, консалтинг пен креативті индустрияларда мұндай пилоттық жобалар жүзеге асуы мүмкін. Алайда өндіріс, медицина немесе білім беру сияқты үздіксіз қатысуды қажет ететін салаларда бұл қадамды енгізу әлдеқайда күрделі.
Егер жұмыс үдерісі дұрыс реттелсе, төрт күндік апта тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді: адамдар уақытты үнемдеп, нәтижеге тез жетеді. Бірақ міндеттерді қысқа мерзімге шамадан тыс жүктеу – қызметкерді қажытып, күйзеліске итермелеуі мүмкін, - дейді маман.

Арна Аманғалиеваның пікірінше, теориялық тұрғыдан алғанда Қазақстанда алты сағаттық жұмыс күні кеңсе қызметкерлеріне қолайлы болуы мүмкін. Алайда медицина, өндіріс пен білім беру салаларында бұл модель қазіргі жағдайда жүзеге асуы екіталай. Сонымен қатар, ол еңбек заңнамасының да маңызын атап өтті:
Бұл мәселе жұмыс мәдениеті мен Еңбек кодексінің орныққан қағидаттарымен тығыз байланысты. Көптеген жұмыс берушілер бақылаудың әлсіреуінен және тиімділіктің төмендеуінен қауіптеніп, өзгерістерге аса сақтықпен қарайды. Төрт күндік кестеге көшу үшін заңнамаға түзетулер енгізу қажет болады. Атап айтқанда, жұмыс уақытының ұзақтығы, демалыс тәртібі, еңбекақы төлеу мен артық жұмыс сағаттарын реттеу нормалары қайта қаралуы тиіс, - деді ол.
HR маманының пікірінше, қосымша бір күндік демалыс жалпы алғанда қызметкерлер үшін пайдалы. Ол кәсіби күйзелістің алдын алып, отбасы мен жеке өмірге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Бұл психологиялық жайлылықты арттырып қана қоймай, компанияға деген адалдықты да күшейтеді.
Сонымен бірге, қазақстандық жұмыс берушілер арасында ыңғайлы жұмыс форматына қызығушылық артып келеді. Қазірдің өзінде кейбір компаниялар қашықтан немесе еркін графикті қолданып жүр. Бірақ бұл үрдістің жаппай таралуын жақын жылдары күтуге әлі ерте.
Төрт күндік жұмыс аптасы, меніңше, IT, маркетинг, консалтинг және ғылыми-зерттеу жобаларында тиімділігін көрсете алады. Ал медицина, білім беру, өндіріс пен қызмет көрсету салаларында мұндай тәжірибе іс жүзінде қолдануға келмейді, - дейді Арна Аманғалиева.
Сарапшының айтуынша, алдағы жылдары Қазақстанда жұмыс форматтары біртіндеп өзгеріп, жаңа трендтер қалыптасуы ықтимал. Нәтижеге бағытталған жүйелерге басымдық беріледі, кеңседе өткізген уақыт емес, тиімділік маңызды бола түседі. Сондай-ақ төрт күндік аптаға арналған пилоттық жобалар пайда болып, еңбек пен жеке өмірдің тепе-теңдігіне назар артады.
Бұл өзгерістер еліміздегі еңбек нарығында жаңа ұйымдастырушылық мәдениеттің қалыптасуына жол ашады, - деп түйіндеді HR маманы Арна Аманғалиева.
Әлемдік тәжірибеге шолу
Соңғы жылдары әлемнің бірқатар елдері төрт күндік жұмыс аптасын сынақтан өткізіп келеді. Бұл тәжірибелердің нәтижесі бизнес үшін де, қызметкерлер үшін де оң өзгерістерге әкеліп отырғанын көрсеткен.
Қазіргі еңбек нарығы қарқынды трансформация кезеңін бастан өткеріп отыр. Жұмыс форматтарының эволюциясы аясында төрт күндік жұмыс аптасы әлемдік деңгейде жаңа трендке айнала бастады. Бұл бастаманы әсіресе жас буын қолдайды: LinkedIn Workforce Confidence зерттеуіне сәйкес, миллениалдар мен зумерлердің 62%-ы жұмыс күндерінің қысқаруын жақтайды. Мұндай тәсіл кәсіби және жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға, эмоционалдық күйзелістің алдын алуға және еңбек жағдайын барынша қолайлы етуге мүмкіндік береді.
Төрт күндік жұмыс аптасы - дәстүрлі бес күндік форматтың ықшамдалған нұсқасы. Қызметкерлер апта ішінде төрт күн еңбек етеді, бірақ еңбекақы мен әлеуметтік жеңілдіктер сол күйінде сақталады.
Бостон колледжінің ғалымдары жүргізген ауқымды зерттеу де осының тиімділігін дәлелдеді. Олар Австралия, Жаңа Зеландия, АҚШ, Канада, Ирландия және Ұлыбританиядағы 141 компанияда 2896 қызметкердің қатысуымен тәжірибе өткізді. Нәтижесінде, жұмыс күнін қысқарту қызметкерлердің бақыт деңгейін арттырып қана қоймай, денсаулық пен өнімділікке оң әсер еткені байқалды.
Эксперимент барысында ұйымдарға жаңа жүйеге көшу үшін сегіз апта дайындық мерзімі берілді. Бұл кезеңде олар жұмыс процесін қайта құрылымдап, өнімділікті бұрынғы 80% деңгейінде сақтауға ұмтылды. Артық кездесулер қысқартылып, уақыт тиімді пайдаланылды.
Зерттеу басталар алдында қызметкерлерден «Жұмыс сізді қаншалықты шаршатады?» немесе «Өз психикалық денсаулығыңызды қалай бағалайсыз?» деген сауалдар алынды. Алты айдан соң қайта жүргізілген сауалнама олардың айтарлықтай өзгергенін көрсетті: қызметкерлер жұмысына риза болып, психологиялық жағдайының жақсарғанын атап өтті.
Маңыздысы - тәжірибеге қатысқан компаниялардың 90%-дан астамы төрт күндік жұмыс аптасын сақтап қалуды жөн көрді. Бұл форматтың болашағы бар екенін көрсететін нақты дәлел.
Қысқартылған жұмыс аптасын енгізу бүгінде әлемнің түрлі елдерінде сынақтан өтіп жатыр. Әр мемлекет бұл үрдісті өз еңбек нарығының ерекшелігіне, заңнамасына және мәдениетіне сай жүзеге асыруда. Кейбір елдер тәжірибені жеңілдету үшін халықаралық 4 Day Week Global (4DWG) ұйымының көмегіне жүгінеді. Бұл ұйым компанияларға төрт күндік жұмыс аптасын енгізу кезінде коучинг ұсынып, процестерді дұрыс ұйымдастыруға жәрдемдеседі. Басқа елдер болса, өздерінің дербес стратегиясын қалыптастырып, ұлттық деңгейде жаңа модельдерді сынақтан өткізуде.
Әрбір мемлекет үшін бұл қадамның тәжірибесі өзгеше болғанымен, ортақ мақсат айқын - қызметкерлердің өмір сапасын арттыру және бизнес тиімділігін сақтап қалу. Төменде бірнеше елдің тәжірибесіне тоқталайық.
Жапония
2025 жылдың сәуір айынан бастап Токиода мемлекеттік қызметкерлер үшін жұмыс аптасы ресми түрде қысқартылды. Әсіресе балалы қызметкерлерге таңдау еркіндігі берілді: толық жұмыс күнін жалақымен бірге сақтау немесе күніне екі сағатқа қысқартылған кестеге көшу, бірақ сәйкесінше еңбекақы да азаяды. Бұл бастаманың басты мақсаты - елдегі туу көрсеткішінің төмендеуімен күресу және жапон қоғамында кең тараған «кароси» (шамадан тыс жүктемеден қайтыс болу) мәселесінің алдын алу.
Жаңа жүйеден тағы бір күтілетін нәтиже - еңбек нарығындағы гендерлік теңсіздікті азайту. Қазіргі таңда Жапонияда әйелдердің небәрі 55%-ы ғана жұмыс істейді, ал ерлер арасында бұл көрсеткіш 72%-ға жетеді. Әйелдер көбіне мансап пен отбасы арасынан таңдау жасауға мәжбүр. Төрт күндік жұмыс аптасы оларға осы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік бермек.
Айта кетейік, Жапония мұндай форматты алғаш рет сынап отырған жоқ. Бұған дейін бірқатар коммерциялық компаниялар эксперимент жүргізген болатын. 2019 жылдың тамызында Microsoft Japan төрт күндік жұмыс аптасын сынақтан өткізді. Жалақы қысқартылмай жүргізілген бұл тәжірибенің нәтижесі таңғаларлық болды:
- бір қызметкерге шаққандағы сату көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 40%-ға артты,
- қағазбен басып шығарылған құжат көлемі 59%-ға азайды,
- электр энергиясын тұтыну 23%-ға қысқарды,
- ал қызметкерлердің 94%-ы жаңа жүйеге толық қанағаттанғанын айтты.
Эксперименттен кейін корпорация бұл тәжірибені кезең-кезеңімен енгізуді жөн көрді. Осылайша Жапония төрт күндік жұмыс аптасын тек әлеуметтік тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар экономикалық тиімділіктің құралы ретінде қарастырып отыр.
Жаңа Зеландия
Жаһандық тұтыну тауарларын өндіруші Unilever Жаңа Зеландияда төрт күндік жұмыс аптасын енгізуді 18 ай бойы сынақтан өткізді. Қызметкерлерге еңбекақы толық көлемде сақталып, жұмыс уақыты 20%-ға қысқартылды.
Эксперимент нәтижелері компанияның өз күткенінен де асып түсті. Басшылықтың айтуынша, пилоттық жоба бизнестің негізгі мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етіп қана қоймай, кірістің өсуіне де әсер еткен. Сонымен қатар, қызметкерлердің жұмысқа деген ынтасы айтарлықтай артқан, ал еңбек тәртібін бұзу және жұмысқа келмей қалу жағдайлары 34%-ға азайған.
Осындай оң көрсеткіштердің арқасында Unilever тәжірибені тек Жаңа Зеландияда қалдырмай, оны өздерінің Австралиядағы бөлімшелеріне де таратуды шешті. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл формат қызметкерлердің әл-ауқатын жақсартумен қатар, бизнестің тиімділігін сақтауға мүмкіндік беретінін дәлелдеді.
Чили
2024 жылы Чилиде жұмыс уақытының ұзақтығын қысқарту жөніндегі ауқымды реформа басталды. Бұған дейінгі 45 сағаттық жұмыс аптасы біртіндеп 40 сағатқа дейін азайтылмақ. Үкімет компанияларға бейімделу үшін жеткілікті уақыт беру мақсатында бұл өзгерісті 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр.
Маңыздысы - жаңа заң жұмысшылардың жалақысын қысқартуға жол бермейді. Жұмыс аптасы қысқарғанымен, қызметкерлердің табысы бұрынғы деңгейде сақталады.
Инициаторлардың айтуынша, бұл бастама Чилидегі еңбеккерлердің артып келе жатқан әлеуметтік сұранысына жауап ретінде қабылданған. Негізгі мақсат - азаматтардың кәсіби және жеке өмір арасындағы балансты жақсарту, жұмысшылардың жалпы әл-ауқаты мен еңбек өнімділігін арттыру.
Осылайша Чили қысқартылған жұмыс аптасына көшу арқылы Латын Америкадағы еңбек мәдениетінің жаңа үлгісін қалыптастырып келеді.
Оңтүстік Африка
2023 жылы төрт күндік жұмыс аптасы Африка құрлығында да сынақтан өтті. Пилоттық жобаға 28 оңтүстікафрикалық компания және бір ботсвандық фирма қатысты. Қаржы, салық, маркетинг және IT салаларын қамтыған бұл ұйымдар тәжірибе кезеңінде қызметкерлердің жалақысын толық сақтап қалуға міндеттелді.
4 Day Week SA директоры Карен Лоуның айтуынша, алғашқы нәтижелер айтарлықтай оң болды. Қызметкерлер арасында стресс пен кәсіби күйзеліс деңгейі төмендеп, жұмысқа деген теріс көзқарас азайды. Үйдегі отбасылық қақтығыстар қысқарып, кадрлардың ауысуы мен аурухана парақтарының саны да азайған.
Алайда жоба қиындықсыз өткен жоқ. Лоудың айтуынша, оңтүстікафрикалық компаниялар жаңа жүйеге бейімделу барысында «жұмыс уақытын шамамен 12%-ға қысқартып, соған қарамастан өнімділікті 100% деңгейінде ұстап тұруға тырысқан». Бұл көрсеткіш модельдің әлеуетін айғақтағанымен, оны толыққанды енгізу үшін әлі де қосымша зерттеу мен бейімдеу қажет екендігін көрсетеді.
Германия
2024 жылдың басында Германияда түрлі сектордан 45 ұйым төрт күндік жұмыс аптасын сынақтан өткізуге кірісті. Жоба алты айға жоспарланып, қызметкерлердің еңбекақысы толық көлемде сақталды. Дегенмен, экономикалық қиындықтарға байланысты екі компания тәжірибеден шығып қалды.
Алғашқы нәтижелер 2024 жылғы 18 қазанда жарияланды. Зерттеу көрсеткендей, қатысушылардың 70%-дан астамы жаңа форматты жалғастыруға ниетті екенін білдірген. Кейбір ұйымдар сынақ мерзімін ұзартуды жөн көрсе, енді біреулері төрт күндік жұмыс аптасын ресми түрде енгізіп үлгерді.
Осылайша Германиядағы тәжірибе қысқартылған жұмыс аптасының бизнес үшін де, қызметкерлер үшін де тиімді бола алатынын айқын көрсетті.

