Аптап ыстық, жауын-шашын: 29 тамызға арналған ауа райы болжамы
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 29 тамызда ауа райы ыстық әрі жаңбырлы болады, хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Болжамға сәйкес, күндіз қатты ыстық күтілетін өңірлер:
Ұлытау облысы – +35°С дейін,
Жетісу және Алматы облыстары – +35…+37°С,
Маңғыстау облысы – +38°С дейін.
Батыс антициклонының әсерінен еліміздің батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Қалған өңірлерде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты найзағайлы жаңбыр жауады, бұршақ пен дауыл болуы мүмкін. Республиканың көптеген аумақтарында жел күшейеді, оңтүстік-батыс пен оңтүстікте шаңды дауыл тұрады, ал солтүстікте түнгі және таңғы уақыттарда тұман күтіледі, – делінген «Қазгидромет» баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен қатар, гидрометорталық мамандары ескертті:
Жоғары өрт қауіптілігі Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Жетісу, Абай облыстарында, сондай-ақ Ақмола облысының батысында, оңтүстігінде және шығысында, Батыс Қазақстан облысының шығысы, орталығы және оңтүстігінде, Қарағанды облысының батысы, шығысы мен орталығында, Атырау облысының солтүстігі, орталығы мен оңтүстігінде, Қостанай облысының батысында, Маңғыстау облысында күтіледі.
Өте жоғары, төтенше өрт қаупі Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының батысында, Алматы облысының батысы мен солтүстігінде, Жетісу облысының шығысы мен оңтүстігінде, Атырау облысының шығысында, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе облыстарының оңтүстігінде күтіледі.

