youtube.com/@TechAvid

Apple ЖИ-ге негізделген көзілдірік, кулон және AirPods шығармақ

Bloomberg агенттігінің шолушысы Марк Гурман Apple жасанды интеллектке негізделген және камерамен жабдықталған үш бірдей жаңа құрылғыны шығаруға дайындалып жатқанын мәлімдеді. Олар – ақылды көзілдірік, кулон және жаңартылған AirPods.

Бұлардың барлығы iPhone-ға қосылып, пайдаланушы көріп тұрған визуалды контексті талдай отырып, Siri-дің әрекетті нақты жағдайға қарай орындауына мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз:

Ақылды көзілдірік 2027 жылы шығады

Компания көзілдіріктің жаппай өндірісін 2026 жылдың желтоқсанында бастап, 2027 жылы нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Бұл құрылғы Meta компаниясының ақылды көзілдіріктеріне тікелей бәсекелес болмақ.

Көзілдіріктің ішінде динамиктер, микрофондар, камера және жасанды интеллект функцияларын қамтамасыз ететін қосымша сенсор болады. Бірақ дисплей қарастырылмаған. Оның орнына пайдаланушы қоңырау шалып, Siri-мен сөйлесіп, музыка тыңдап, айналасындағы нысандар туралы ақпарат ала алады. Мысалы, адам белгілі бір затқа қарап, «Бұл не?» деп сұраса немесе көрген тағамының рецептін білгісі келсе, жүйе бірден жауап беруге тырысады.

Көзілдірік екі камерамен жабдықталуы мүмкін: бірі – жоғары сапалы сурет түсіруге, екіншісі қоршаған ортаны талдап, арақашықтықты өлшеуге және кеңістікті дәлірек түсіндіруге арналған. Мақсат – құрылғыны тәулік бойы жұмыс істейтін жеке AI-көмекшіге айналдыру.

Алғашқы прототиптер iPhone мен сыртқы аккумуляторға кабель арқылы қосылса, жаңа нұсқада батарея тікелей көзілдіріктің корпусына орнатылады. Apple құрылғының сапасына және камера мүмкіндіктеріне ерекше мән бермек. Дисплейі бар нұсқа да әзірленіп жатыр, бірақ ол бірнеше жылдан кейін ғана шығуы ықтимал.

Кулон мен AirPods

Көзілдірікпен қатар Apple камерасы бар кулон мен жаңартылған AirPods-ты да ұсынуы мүмкін. Бұл құрылғылардағы камералардың мүмкіндігі төмен болады және олар фото не видео түсіруге емес, жасанды интеллектіге қоршаған ортаны тануға көмектесу үшін қолданылады.

Кулон көлемі жағынан AirTag-ке ұқсас және оны мойынға немесе белгіше (бейдж) ретінде тағуға болады. Ол iPhone үшін «көз бен құлақ» қызметін атқарып, үнемі қосулы камера және Siri-ді іске қосатын микрофонмен жабдықталады. Құрылғының ішінде жеке чип орнатылады, алайда негізгі есептеу процестері смартфон арқылы жүзеге асады. Bloomberg мәліметінше, кулон келесі жылы таныстырылуы мүмкін.

AirPods-тің жаңа буынында да ажыратымдылығы төмен камералар пайда болуы ықтимал. Олар жасанды интеллект көмегімен пайдаланушының айналасын талдап, түрлі функцияларды орындауға жағдай жасайды.

Apple стратегиясы

Bloomberg жазуынша, Apple жасанды интеллект саласындағы бәсекеде қалып қойған тұстарын толықтырып, қолданушыларды өз экожүйесінде ұстап қалуды көздейді. Болашақта AI-технологиялар смартфондарды пайдалану тәсілін өзгертіп, көптеген функция қосымша құрылғыларға ауысады деп болжанады.

Осы жаңалықтар аясында Apple акциялары қысқа уақыт ішінде 2,7% өсіп, 262,74 долларға дейін жеткен.

Әзірге компания ресми түрде ешқандай анонс жасаған жоқ. Алайда жоспар жүзеге асса, Apple AI-құрылғылар нарығына бірден бірнеше бағыт бойынша кіруі мүмкін.

Айта кетейік, компания наурыз айында қолжетімді MacBook пен iPhone 17e таныстыруы мүмкін.