©Pixabay.com

Apple Music 2025 жылғы үздік әндердің тізімін жариялады

Хит-парадта бірінші орынға Леди Гаганың Abracadabra әні шықты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

2025 жыл сөзсіз Леди Гаганың жылы болды. Оның табысы «Грэмми» марапаттау рәсімі кезіндегі жарнамадан басталды. Сол роликте ол жаңа әнін таныстырып, MAYHEM атты жетінші студиялық альбомының бағытын айқындады. Abracadabra-ның қайырмасын естімеген адам кемде-кем шығар. Осылайша, «құбыжықтар анасы» ресми түрде қайта оралды.

Альбом оның поп-музыкадағы тамырын, дара стилін қайта жаңғыртып, нағыз аңыз әнші ретіндегі орнын бекітті, – деп жазады сервис.

Екінші орынға Сабрина Карпентердің Manchild трегі жайғасты. Әнде ересек өмірге дайын емес, ренжігіш серіктің бейнесі әжуаланады. Туындыда әртіс мұндай кейіпкерді аямай сынап, оның «миының жартысы жоқ» екенін, сол себепті тұрақты түрде мазасын алып, өмірін қиындатып жүргенін ашық айтады. Сонымен қатар Сабрина:

Мұндай балақай Жер бетінде қалайша осынша уақыт өмір сүріп келген? – деп таңданады.

Үштікке Тейт Макрейдің 2 hands композициясы енді. Электропоп пен R&B стилін тоғыстырған бұл ән сезімталдық пен өзіндік сенімділіктің арасындағы тепе-теңдікті зерттейді, тыңдарманға эмоциялық қуат береді.

2 hands трегі мені көпшілік көріп үйренген образға ұқсамайды. Ән ғашық болу сезімін және кейде жаныңда біреудің болуының өзі жеткілікті екенін жеткізеді. Шынайы байланыс үшін үздіксіз дәлел немесе сәнді атрибуттар қажет емес, маңыздысы – бірге болу, – дейді әртіс.

Сонымен бірге хит-парадқа Revolving door, Sports car және Just Keep Watching сияқты туындылар да кірген.

Тізімде Тейлор Свифттің жаңа альбомындағы тректер де бар: шорт-листке The Fate of Ophelia және Opalite енген. Сондай-ақ оған sombr, Бенсон Бун, Чаппелл Роан, Ариана Гранде, Оливия Дин және басқа да орындаушылардың әндері кірді.