Apple

Apple iPhone 17 смартфондарын таныстырды

10.09.2025 10:04

Әлемдік технология алыбы Apple көптен күткен iPhone 17 смартфондарын ресми түрде таныстырды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Awe Dropping деп аталған арнайы таныстырылымда Apple бірден төрт жаңа үлгіні – iPhone 17, iPhone 17 Air, iPhone 17 Pro және iPhone 17 Pro Max смартфондарын көпшілікке ұсынды. Компания бұл жолы өнімділікті еселеп арттырумен қатар, дизайнды түбегейлі жаңартып, пайдаланушы тәжірибесін жаңа деңгейге шығаруды басты мақсат еткенін атап өтті.

iPhone 17 жаңа буынның 3-нм A19 Apple Silicon чипімен жабдықталған. Алты ядролы процессор мен бес ядролы GPU құрылғыны айрықша қуатты етіп, Apple тарихындағы ең үнемді смартфонға айналдырды. Жаңа графикалық процессор екінші буын Dynamic Caching технологиясымен толықтырылып, кескіндерді өңдеу сапасы артты. Батарея бір күнге жеткілікті қуат береді, ал небәрі 10 минуттық жылдам қуаттау 8 сағат бойы қодануға мүмкіндік береді.

iPhone 17 сериясындағы барлық үлгілердің бастапқы жад көлемі – 256 ГБ. Жаңа Ceramic Shield 2 әйнегі экранды сызаттардан үш есеге дейін қорғайды. Apple бұл үлгіні «жаңа дәуірдің бастамасы» деп атап, оның өндірісінде қайта өңделген материалдарды қолданғанын ерекше атап өтті.

Жаңа iPhone 17 бес түсті нұсқада қолжетімді: күлгін (Lavender), көгілдір тұман (Blue Mist), қара (Black), ақ (White) және жалбыз жасыл (Sage Green). Сонымен қатар жаңа белдіктер мен MagSafe аксессуарлары ұсынылды.

Apple

Apple тарихындағы ең жіңішке смартфон – iPhone 17 Air. Оның қалыңдығы небәрі 5,6 мм. 6,5 дюймдік дисплей ProMotion технологиясын қолдап, 120 Гц-ке дейінгі кадр жиілігін қамтамасыз етеді. Always-On Display мүмкіндігі бар, ал экран жарықтығы 3000 нитке дейін жетеді. Құрылғы корпусы титаннан жасалып, нанокристалды Ceramic Shield әйнегі үш есе мықты қорғаныс береді.

Жаңа Air нұсқасы заманауи C1X модемімен жабдықталған. Ол алдыңғы буыннан екі есе жылдам әрі энергияны 30%-ға аз тұтынады. Бұл модель тек eSIM-пен жұмыс істейді, соның арқасында ішкі кеңістік тиімді пайдаланылып, аккумулятордың көлемі ұлғайған. Смартфон бір тәулікке дейін үздіксіз жұмыс істейді, ал MagSafe батареялық қаптамасын қосқанда бейнені 40 сағатқа дейін тамашалауға болады.

Apple

iPhone 17 Pro — бұл жолғы серияның «алып күші». Жаңа A19 Pro чипі құрылғыны бұрынғыдан да қуатты етіп, энергияны 40%-ға үнемдейді. Корпусы титан мен керамикадан жасалған, ал барлық камерасы 48 Мп сапада түсіреді. Батареясы бір қуаттағанда 39 сағатқа дейін жұмыс істей алады. Тағы бір ерекшелігі — жаңа қызғылт сары түсі. Apple мұны жастарға, әсіресе геймерлер мен блогерлерге арнап енгізген.

Жаңа iPhone 17 сериясының ресми сатылымы 19 қыркүйекте басталады. АҚШ-тағы бастапқы бағалар төмендегідей белгіленді:

  • iPhone 17 – 799 доллардан басталады,

  • iPhone 17 Air – 999 доллардан,

  • iPhone 17 Pro – 1099 доллардан,

  • iPhone 17 Pro Max – 1199 доллардан.