Apple 2011 жылдан бері алғаш рет Samsung-ты басып озды
Apple биыл 2011 жылдан бері алғаш рет Samsung-ты басып озып, әлемдегі ең ірі смартфон өндірушіге айналады. Бұл туралы Counterpoint Research-ке сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Сарапшылардың бағалауынша, компанияның ғаламдық нарықтағы үлесі 19,4%-ға жетсе, Samsung 18,7%-бен екінші орынға түседі. Бұл көрсеткішке қарамастан, кореялық брендтің жеткізілімдері 2025 жылы өседі деген болжам бар.
Сарапшылар Apple табысының негізгі себептерін атап өтті:
- iPhone 17 сериясына деген сұраныстың жоғары болуы;
- пандемиядан кейін басталған смартфондарды жаппай жаңарту кезеңі;
- АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісінің бәсеңдеуі.
Сонымен қатар 2023 жылдан бері 350 миллионнан астам қолданыста болған iPhone сатылғандықтан, бұл жаңа модельдерге тұрақты сұраныс қалыптастырып отыр.
Samsung та келесі жылы жеткізілім көлемін 4,6%-ға арттырады деп күтілуде. Бұл компанияға Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс және Африка нарықтарында өз позициясын сақтауға мүмкіндік бергенімен, қытайлық брендтердің күшеюі алдағы он жылда ккореялық алпауыттың жағдайын нашарлататын секілді.
Сонымен қатар Xiaomi, Transsion, vivo және OPPO секілді Қытайдың ірі өндірушілері шетелдік нарықты игеруге және премиум сегментіндегі үлесін арттыруға күш салып жатыр. Бірақ 2026 жылы компоненттер бағасының қымбаттауы олардың кеңею қарқынын тежейді.
25 қарашада Apple Еуропалық комиссияға Цифрлық нарықтар туралы заңның (DMA) кейбір талаптарын қайта қарау немесе күшін жою жөнінде ресми өтініш жолдады. Компанияның айтуынша, қазіргі талаптар Еуропалық одақта Apple өнімдері мен функцияларының бір бөлігін жеткізуді тоқтатуға әкеп соғуы мүмкін.

