Аңыз туралы ақиқат немесе Олимпиададан кейінгі тағдыр
Бокстан Куба ұлттық құрамасын 36 жыл жаттықтырған Альсидес Сагарра (1964-2000) Олимпиада Ойындарының 32 чемпионының дайындаған білікті бапкер екенін төрткүл дүние біледі. Оның үш дүркін Олимпиада чемпионы атанған Теофилио Стивенсон мен Феликс Савоннан кейінгі сүйікті шәкірттерінің бірі - Марио Кинделан. Екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған саңлақ әуесқой бокс тарихында есімі алтын әріппен жазылған спортшылар қатарына енген.
Марион Кинделан 1971 жылы туған. Ол 1989 жылы 18 жасында бокстан Куба ұлттық құрамасының құрамына енгенімен, оның жұлдызды шағы тек арада он жыл өткенде ғана басталды.
Кинделан әлеуметтік жағдайы өте төмен отбасында туған. 1989 жылы 54 келіде Куба чемпионатында қола жүлдегер атанғаннан кейін жеңісті жолын он жыл бойы күтті. Ол бүгінде кәсіпқой бокстың жұлдызына айналған Мигель Коттоны, Атлантада алтын алған тайландтық Сомлук Камсингті, Бейжің Олимпиадасында 64 келіде чемпионы атанған Феликс Диасты әуесқой бокста жеңген.
1992-1996 жылдары өткен Барселона және Атлантада өткен төртжылдықтың басты Ойындарына қатысу Кинделанның бағына бұйырмады. Тек 1993 жылы Орталық Америка және Кариб теңізі аймағы Ойындарының жеңімпазы атанғаны болмаса, оның еншісіне халықаралық турнирдердің айтулы жүлдесін иеленген жоқ.
1998 жылы Қытайда өткен әлем кубогын ұтқанда ғана Кинделан әуесқой бокстан 60 келіде үздіктердің алдыңғы легіне қосылды деуге болады. Араға бір жыл салып Панамерика Ойындары және әлем чемпионатын ұтса, 2000 жылы Сиднейде ол 60 келіде қарсылас шыдатпады. Оның даңғыл жолы осылайша 2004 жылға дейін жалғасты. Соған дейінгі барлық турнирлерде кубалық Кинделан тек чемпион атанумен болды. 2001-2003 жылдары Белфаст пен Бангкогта өткен әлем чемпионаттары, 2004 жылы Афиныдағы сын... Бәрінде Кинделанды жанкүйерлер тек жеңімпаздар тұғырының биік сатысынан көрді.
Оның 1998 жылы басталған жеңісті сериялары 2002 жылы қатарынан екі рет бұзылғанын қазақстандық бокссүйер қауым жасқы біледі. Оның "авторы" - көкшетаулық былғары қолғап шебері Руслан Мусинов еді. Сол жылы Астанада бокстан өткен командалық әлем кубогында жерлесіміз Куба қабыланын 21:11 есебімен ұтты. Кейін Чехиядағы өткен халықаралық турнирде осы көрсеткішті қайталады.
Русланның жеке бапкері Қуанышбай Қоқышев 2003 жылы Тайландтағы әлем чемпионатының финалынан кейін Марио Кинделанға жақындап, жеңісімен құттықтаса керек. Сонда кубалық боксшы Русланның бапкеріне бапкеріне көптің бірі ретінде аса мән бермеген көрінеді. «Мен Мусиновтің бапкерімін» деп ағылшынша айтқанда Кинделанның қабағы демде өзгеріпті. Қоқышевты құшақтай алған кубалық «Мусиновке деген құрметім ерекше» дегенді жеткізген екен.
Қош, Марио Кинделанға оралсақ. Ол боксқа дейін біраз спорттың басын шалып көрді. Әуелі волейболға қатысты. Кейін мектепте бейсболдан жасөспірімдер құрамасында ойнады. 14 жасында боксқа келген ол бір жылда кадеттер арасында республика чемпионы атанды. Осылайша оның таңдауы бокс болып, үлкен рингке қарай сеніммен аяқ басты.
Марио Кинделан екі рет Олимпида және Панамерика Ойындарын ұтып, үш дүркін әлем чемпионы болғанына қарамастан Куба Үкіметінен сыйақы алып, бақуатты өмірге қол жеткізген жоқ. Афиныда топ жарып, екінші Олимпиаданы ұтып барғандағы алған сыйлығы - бар болғаны ел президенті Фидель Кастроның қолын алып, «құтты болсын» естумен ғана шектелді. Тіпті, ол күнкөріс үшін өзінің медальдарын 400 АҚШ долларына сатуға мәжбүр болды. Оның кәсіпқой боксқа ауысуына Кубадан кете алмады әрі оған социалистік идеология оған мұрша бермеді. Себебі ол елдің идеологиясын әбден бойына сіңірген адам еді.
Айта кететін бір жайт, Кинделан Афиныдағы жеңісін өзінің сыралғы досы, Барселона Олимпиадасының чемпионы, марқұм Роберто Баладоға арнады. Бақилық болған Роберто Баркер кубогын иеленген екінші әрі әзірге Кубаның соңғы боксшысы. Ол әлем чемпионатының үш дүркін жеңімпазы, Панамерика Ойындарының чемпионы. 1994 жылы шілде айында көлігімен теміржолда апатқа ұшырап, қайтыс болған.
Кинделан 2005 жылы Англиядағы өзінің қарсыласы Әмір Ханға арнайы барғаны бар. Бұл кезде спорттық бабын жоғалтқан Марио үш кездесу өткізіп, түбі Пәкістаннан тарайтын ағылшын боксшысына есе жіберді.
2005 жылдан бері Кинделан Кубада жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Осы еңбегі үшін айына 250-300 доллар еңбекақы алады екен. Бұл қаржы оның өмір сүруіне жеткілікті болса керек. Оның таным-түсінігі Фидель Кастроның ақпараттық идеологиясына «уланбағанда» ол бүгінде кәсіпқой бокстың да жұлдызы болуы мүмкін еді. Оның бірталай достары Кубадан қашып, кәсіпқой бокста айтарлықтай табысқа жетті. Көбі қисапсыз қаржыға ие болды. Ал Кинделан болса Кубаның бір провинциясында өзінің социализмге тән жұпыны өмірін сүріп жатыр...

