“Анықтамасыз кіргізбейді”. Шетелге шығар алдында қазақстандықтарға қандай екпелер қажет
Шетелге шығар алдында біз әдетте виза, билет және сақтандыруды тексереміз. Ал екпе туралы жиі ұмытып кетеміз — бұл үлкен қателік. Кейбір елдерге онсыз мүлде кіргізбеуі мүмкін, ал басқа елдерде жұқпалы ауру жұқтыру қаупі жоғары. El.kz қазақстандықтарға қандай вакциналар қажет болуы мүмкін, оларды қайдан алуға болады және ұшар алдында нені ескеру керек екенін анықтады.
Неге бұл маңызды
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің түсіндіруінше, әр ел екпе талаптарын өз заңнамасы мен санитариялық нормаларына қарай өзі белгілейді.
Сонымен қатар талаптар эпидемиологиялық жағдайға байланысты өзгеріп отыруы мүмкін. Сондықтан билет алар алдында баратын елдің елшілігі немесе консулдығының сайтынан ақпаратты тексерген дұрыс.
Жалпы екпелер екі топқа бөлінеді:
- міндетті (онсыз виза берілмейді немесе шекарадан өткізбейді)
- ұсынылатын (демалыстан инфекция жұқтырып қайтпау үшін)
Қандай екпелер ұсынылады
Екпе міндетті болмаса да, дәрігерлер баратын өңірді ескеруді ұсынады. Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, саяхат алдында мына екпелерді салдырған жөн:
- А және В гепатиті — су, тағам және биологиялық сұйықтықтар арқылы жұғады. Азия мен Африка елдері үшін өзекті.
- Іш сүзегі — санитария деңгейі төмен аймақтарда кең таралған (Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азия).
- Жапон энцефалиті — маса арқылы жұғады, әсіресе ауылдық жерлерде.
- Құтыру — жануарлармен байланыс немесе ауылдық аймақтарға барғанда ұсынылады.
- Қызылша, қызамық, паротит (MMR) — екпе алмағандар үшін маңызды, себебі бұл аурулардың өршуі әлемде мезгіл-мезгіл болып тұрады.
Қандай екпелер міндетті
Бұл жерде талаптар қатаң. Егер елемесеңіз, сапарыңыз әуежайда аяқталуы мүмкін.
- Менингококк инфекциясы — Сауд Арабиясына қажылыққа баратындар үшін міндетті, сондай-ақ менингит өршіген аймақтарға ұсынылады.
- Сары қызба — Африка мен Оңтүстік Американың кейбір елдеріне кіру үшін міндетті. Екпе сапардан кемінде 10 күн бұрын салынуы тиіс, сертификаты өмір бойы жарамды.
Қазақстанда екпені қайдан алуға болады
Қажетті вакциналарды лицензиясы бар медициналық мекемелерде алуға болады. Олар:
- тегін — ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес
- ақылы — жеке клиникаларда
Тегін екпелер келесі ауруларға қарсы жүргізіледі:
құтыру, іш сүзегі, кене энцефалиті, адам папиллома вирусы, В гепатиті, гемофильді инфекция, дифтерия, көкжөтел, қызылша, қызамық, полиомиелит, сіреспе, туберкулез, оба, паротит, пневмококк инфекциясы, коронавирус, А гепатиті, тұмау, күйдіргі және туляремия.
Егер сіз жоспарлы иммундау тобына кірмесеңіз, кез келген лицензияланған клиникаға жүгіне аласыз.
Екпе алдында нені ескеру керек
Мамандар алдын ала дайындалуға кеңес береді:
- Вакцинаның бар-жоғын тексеріңіз — кейбірі шектеулі болуы мүмкін.
- Екпені ерте салыңыз — иммунитет қалыптасуы үшін әдетте кемінде 2 апта қажет.
- Қосымша қорғаныс шараларын сақтаңыз — жәндіктерге қарсы құрал қолданыңыз, тек бөтелкедегі су ішіңіз, көше тағамына абай болыңыз.
- Баратын елдің талаптарын алдын ала біліңіз — қажет екпелерді тексеріп, дәрігермен кеңесіңіз.
Айта кетейік, 10 сәуірден бастап Шенген аймағы елдері шекара бақылауының жаңа жүйесін — Entry/Exit System (EES) толық енгізеді. Бұл жүйе паспорттағы мөрлерді алмастырып, шекарадан өту тәртібін өзгертеді.

