Жаңалықтар

Антикор жол құрылысы саласындағы жемқорлық тәуекелдері бойынша талдау жүргізеді

Антикор жол құрылысы саласындағы жемқорлық тәуекелдері бойынша талдау жүргізеді
Фото: t.me/antikornews 10.06.2024 22:35 456

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Көлік министрлігі жол құрылысы саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне бірлескен сыртқы талдау жүргізеді. Агенттік мәліметінше, Гонконг, Сингапур, Қытай тәжірибесін зерделеуге ерекше назар аударылатын болады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали мен Көлік министрі Марат Қарабаев бірлескен кеңесте талдау барысында шешілуі қажет өзекті мәселелер мен міндеттерді талқылады.

Ведомство мәліметінше, соңғы 3,5 жылда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 64 жемқорлық құқық бұзушылықты тіркеп, 70 адамды әшкереледі. 38 адам сотталды. Залал сомасы 8,8 млрд теңгені құрады. 

Негізінен қылмыстар парақорлық, жымқыру, сондай-ақ лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілерімен байланысты.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жол саласына бөлінген барлық қаражатты жоспарлау және жұмсау үдерістері зерделеніп, жол құрылысының халықаралық тәжірибесін, атап айтқанда, Гонконг, Сингапур, Қытай тәжірибесін зерделеуге ерекше назар аударылатын болады. Талдау нәтижелері бойынша жол құрылысының барлық кезеңдерінде жемқорлық тәуекелдерін жою және жолын кесу күтілуде. Ғылыми қауымдастықпен бірлесіп құрылыстың жаңа технологияларын енгізу тетіктері әзірленіп, ұсынылатын болады,- деп атап өтті Асхат Жұмағали.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жол құрылысы саласындағы қалыптасқан жағдайды өзгерту бойынша кешенді шараларды белгіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға