Жаңалықтар

Антикор: мектеп асханаларында кәсіпкерлерден ақша заңсыз жиналған

Антикор: мектеп асханаларында кәсіпкерлерден ақша заңсыз жиналған
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 02.05.2023 21:04 1009

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Оқу-ағарту министрлігіне азық-түлік жеткізушілеріне MektepMenu-ға қол жеткізуді қамтамасыз ету бойынша негізсіз шарттар жасасу тәжірибесін жоюды ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Антикор мәліметінше, мектеп асханаларын тамақпен қамтитын кәсіпкерлер келісімшарт жасап, сәйкесінше мәзірді MektepMenu жүйесінде жариялау үшін ақша төлеуге мәжбүр.

Жеткізушілер мұндай қызметтерге ақы төлеу қосымша шығын екенін және ата-аналарға ауыртпашылық түсетінін атап өтті.

Астаналық Антикор департаменті елордалық 94 мектепті тамақпен қамтамасыз ететін 12 жеткізушіні анықтады. MektepMenu-ға қол жеткізу үшін оларға 2,5 млн теңгеден астам қаражат төленген.

7 өңірде осыған ұқсас фактілер 405 мектеппен жұмыс істейтін 117 жеткізуші анықталды. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Оқу-ағарту министрлігінің, Білім басқармасының, «Kundelik» ЖШС және «NetInfoDistribution» өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу қорытындысы бойынша ақпараттық жүйелерде тамақтану мәзірін тегін орналастыруды қайта бастау туралы шешім қабылданды. «NetInfoDistribution» ЖШС-мен жеткізушілердің шарттары бұзылды, - делінген Антикор таратқан мәліметте.

Алайда мемлекеттік сатып алу порталының кейінгі мониторингі мектеп мекемелерінің MektepMenu порталына қол жеткізуде қызметтер көрсету бойынша конкурс өткізе бастағанын және NetInfoDistribution-мен шарттар жасаса бастағанын көрсетті.

Мәселен, елордалық Антикор Білім басқармасымен қайта кездесу өткізіп, үшінші тұлғаларды тартпай тегін негізде тамақтану туралы ақпаратты орналастыруды ұсынды.

Нәтижесінде конкурстар жойылып, шарттар бұзылды. 5,5 млн теңгені тиімсіз пайдалануға жол берілмеді.

Осындай фактілер 13 млн теңгеден астам сомаға еліміздің 169 мектебінде (Шымкент қ., Алматы қ., Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Атырау, Абай, Қызылорда, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары) анықталды. Осылайша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Оқу-ағарту министрлігіне Kundelik порталында оқушылардың тамақтану мәзірін делдал компанияларсыз тегін орналастыру мүмкіндігін қамтамасыз ету жөнінде хат жолдады. Себебі, үшінші тұлғаларды тарту негізсіз шығындар мен бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға әкеп соғады, - делінген мәліметте.

Сонымен қатар Антикор аумақтық департаменттеріне MektepMenu қызметтеріне мемлекеттік сатып алулардың күшін жоюды бақылау тапсырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға