Жаңалықтар

Антикорға жұмысқа кіретіндер арнайы даярлықтан өтеді

Алғашқы кәсіптік даярлық мерзімі 6 айды құрайды
Антикорға жұмысқа кіретіндер арнайы даярлықтан өтеді
Фото: El.kz 13.09.2022 09:07 7582

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін адамдар үшін алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеу жариялайды, деп хабарлайды El.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

- функционалдық міндеттемелеріне қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу кіретін офицер және тергеуші (B-PRO-8 санаты) лауазымдары. Ең төменгі жалақы – 184 048 теңге.

Іріктеуге қатысу үшін құжаттар қабылдаудыАгенттіктің аумақтық бөлімшелері (байланыс телефондары мен мекенжайлары төменде көрсетілген) 2022 жылы 5 қыркүйек 5 қазан аралығында жүргізеді.

Алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеуге қатысу үшінүміткерлердің:

  • мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органда (құқық қорғау қызметінің лауазымдарына арналған тиісті бағдарлама бойынша)

тестілеуден, оның ішінде жеке қасиеттерін бағалаудан өтуі;

  • Агенттіктің аумақтық бөлімшелеріне мынадай құжаттарды беру:
  • белгіленген үлгідегі өтініш;
  • Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
  • білімі туралы құжаттардың көшірмелері, сондай-ақ «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес нострификациялау немесе тану рәсімінен өткенін растайтын құжаттар (шетелдік білім беру мекемелері берген дипломдар үшін, салыстыру үшін түпнұсқалары);
  • жақын туыстарын, оның ішінде белгіленген нысан бойынша бұрынғы жұбайларын көрсете отырып, өз қолымен жазылған толық толтырылған өмірбаян;
  • кез – келген өңірде қызмет етуге келісімі беру туралы өтініш;
  • әскери билет немесе тіркеу куәлігін тапсыруы қажет.

Құжаттардың толық емес тізбесін, сондай-ақ белгіленген мерзімді бұза отырып ұсыну іріктеуге қатысудан бас тарту үшін негіз болып табылады.

Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар: 

- Қазақстан Республикасының азаматтығы;

- 18 жастан бастап, бірақ 35 жастан аспауы қажет;

- жоғары заңгерлік немесе экономикалық білімінің болуы шарт.

Іріктеуге мынадай тұлға қатыса алмайды: 

- заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған;

- құқық қорғау қызметіне кірер алдында бір жыл ішінде қасақана құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;

- құқық қорғау қызметіне кіргенге дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;

- қызметке кірер алдында үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе қызметке кірер алдында үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық – процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

- сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;

- сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жұмыстан босатылған;

- бұрын сотталған не қылмыс жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық – процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде көзделген қылмыстық жауаптылықтан босатылған, сондай-ақ теріс себептер бойынша мемлекеттік қызметтен, өзге де құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан, соттардан және әділет органдарынан босатылғандар.

Алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеу мынадай кезеңдерді қамтиды:

- іріктеуге қатысуға ниет білдірген азаматтардан құжаттарды қабылдау;

- әңгімелесуден өту;

- әскери-дәрігерлік комиссияларда медициналық және психофизиологиялық куәландырудан өту;

- полиграфологиялық зерттеуден өту;

- Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында (бұдан әрі – Академия) емтихан тапсыру.

Академиядағы емтихан кандидаттың емтихан билетінің қойылған үш сұрағына және Комиссия мүшелерінің қосымша сұрақтарына ауызша жауап беру нысанында өткізіледі.

Емтихан мынадай пәндер мен нормативтік құқықтық актілер бойынша өткізіледі:

  • конституциялық құқық;
  • қылмыстық құқық;
  • қылмыстық – процестік құқық;
  • әкімшілік құқық;
  • «Құқық қорғау қызметі туралы» ҚР Заңы;
  • «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңы;
  • «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңы.

Іріктеуден сәтті өткен үміткерлер Академияда алғашқы кәсіптік даярлықтан өтетін болады.

Алғашқы кәсіптік даярлық мерзімі 6 айды құрайды (Академияда 5 ай оқу + 1 ай тағылымдама).

Алғашқы кәсіптік даярлықтан өту кезеңінде үміткерлер 40 532 теңге мөлшерінде стипендиямен қамтамасыз етілетін болады.

Алғашқы кәсіптік даярлықты табысты аяқтаған үміткерлер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің кадрларына қабылданады, бұл ретте лауазымға тағайындау бір мезгілде арнайы атағы беріле отырып, сынақ мерзімінсіз жүргізілетін болады.

Үміткерлер құқық қорғау қызметіне кіру кезінде құқық қорғау қызметінде болуға байланысты шектеулерді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдауға дайын болуға тиіс. 

Құқық қорғау қызметінде болуға байланысты шектеулер: 

Қызметкер:

- өкілді органдардың депутаты және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшесі болуға, партияларда, кәсіптік одақтарда болуға, қандай да бір саяси партияны қолдауға, құқық қорғау органдары жүйесінде өз мүшелерінің еңбек, сондай-ақ басқа да әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау және еңбек жағдайларын жақсарту үшін, олардың кәсіби мүдделерінің ортақтығына негізделген саяси мақсаттарды көздейтін қоғамдық бірлестіктер құруға;

- педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетін басқа қызметпен айналысуға;

- кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, оның ішінде ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға;

- заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, үшінші тұлғалардың істері бойынша өкіл болуға;

- қызметтік емес мақсаттарда оның қызметтік жұмысын материалдықтехникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттік мүлік пен қызметтік ақпаратты пайдалануға;

- ереуілдерді қоса алғанда, мемлекеттік органдардың қалыпты жұмыс істеуіне және қызметтік міндеттерін орындауға кедергі келтіретін ісәрекеттерге қатысуға;

- лауазымдық өкілеттіктерін орындауға байланысты жеке және заңды тұлғалардың қызметтерін жеке мақсатта пайдалануға; 

- өзінің қызметтік жағдайын пайдакүнемдік мақсатта, оның ішінде лауазымды және өзге де адамдармен сөз байласу жолымен пайдалануға;

- өзінің жақын туыстары (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, аталары, әжелері, немерелері) немесе ері (зайыбы) атқаратын лауазымға тікелей бағынысты лауазымды атқаруға құқылы емес.

Қызметкер лауазымға кіріскеннен кейін бір ай ішінде құқық қорғау қызметін өткеру уақытында өзіне заңды түрде тиесілі ақшаны, облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген өзге де мүлікті қоспағанда, өзінің меншігіндегі коммерциялық ұйымдардың акцияларын (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерін) және пайдаланылуы табыс алуға әкеп соғатын өзге де мүлікті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сенімгерлік басқаруға беруге міндетті. Мүлікті сенімгерлік басқаруға арналған шарттар нотариалдық  куәландырылуға тиіс.

Қызметкердің сенімгерлік басқаруға берілген мүліктен, оның ішінде сыйақы, дивидендтер, ұтыстар, мүлікті жалға беруден және басқа да заңды көздерден табыс алуға құқығы бар.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер: 

- мемлекеттік функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызметті жүзеге асыру;

- жақын туыстардың, ерлі-зайыптылардың және жекжаттардың бірге қызмет етуіне (жұмысына) жол бермеу;

- мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен артықшылықтар алу немесе алу мақсатында ресми таратылуға жатпайтын қызметтік және өзге де ақпаратты пайдалану;

- Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметтік міндеттерін орындауға байланысты сыйлықтар қабылдау.

Іріктеу тәртібі және алғашқы кәсіптік даярлықтан өту шарттары «Прокуратура органдарына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және экономикалық тергеу қызметіне кіретін тұлғалар үшін алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеу өткізу қағидаларын және оны өткеру шарттарын бекіту, сондай-ақ оларды алғашқы кәсіптік даярлықтан шығару туралы» Бас Прокурордың 2020 жылғы 26 маусымдағы №80, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 14 шілдедегі №675 және Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Төрағасының 2020 жылғы 29 маусымдағы №199 бірлескен бұйрығымен реттеледі.

Академияның анықтама телефондары: 8-71651-68-139, 8-778-672-66-24.

Жұмыс күндері дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін және 14:30-дан 18:30-ға дейін қоңырау шалу.

Түсу емтиханының сұрақтары Академияның сайтында орналасқан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға