Әншіліктен абьюзерлікке дейін: Рахат Тұрлыхановтың шынайы бет-бейнесі қандай?
Бір кездері қазақ эстрадасында жарық етіп жанып, кейіннен көзден таса болған әнші Рахат Тұрлыхановтың есімі соңғы уақытта БАҚ беттерінде жиі аталып жүр. 2000 жылдардың басында отандық бейнебаяндарды жаңа деңгейге көтерген ол үйленгеннен кейін өнермен ерте қоштасқан еді. Алайда кезінде «Азем», «Танцуй как огонь», «Бір тамшы жас» секілді хиттерімен мыңдаған бойжеткеннің жүрегін жаулаған Рахаттың бүгінгі бейнесі сол кездегі сүйкімді жігіт образынан едәуір алшақтап кеткендей. Отбасы үшін көпшіліктің назарынан бас тартып, үлкен құрбандыққа барғандай көрінген ол бүгінде халыққа мүлде басқа қырынан танылып отыр.
Рахат Тұрлыханов «абьюзер» күйеу ме?
Соңғы жылдары Тұрлыхановтың жұбайы Алтынай күйеуінің үстінен бірнеше рет полицияға арызданып, оның қол көтергенін мәлімдеген. Биылғы 15 наурыз күні мұндай жағдай тағы да қайталанды. Экс-әнші Алматы қаласындағы Медеу аудандық полиция басқармасына жеткізілді.
Алғашында жұбайы полиция қызметкерлеріне күйеуінің өзін ұрып-соққанын айтқанымен, іс ресми тіркеуге жақындағанда ол бұл сөзінен бас тартқан. Нәтижесінде ол арызын «отбасылық жанжал» ретінде рәсімдеп, дене жарақатын алғанын жоққа шығарған көрінеді. Ал тексеру қорытындысы бойынша Тұрлыхановқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.
Полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, қатысушыларды аудандық басқармаға жеткізді. Тексеру барысында арызданушы бастапқыда өзіне күш қолданылғанын айтқанымен, кейін бұл мәлімдемесін жоққа шығарып, тек жанжал болғанын көрсетті. Нәтижесінде ер адамға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы, 1-бөлігі («Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер») бойынша хаттама толтырылды, – делінген полиция мәліметінде.
Жалпы, бұл отбасы үшін мұндай «эмоциялық тұрақсыздық» үйреншікті жағдайға айналғандай. «Рахат Тұрлыханов әйелін ұрып-жықты» деген жаңалықты алғаш рет 2023 жылдың қазан айында естідік. Сол кезде іс сотқа дейін жеткен. 2024 жылдың қаңтарында Тұрлыханов жұбайына қол көтергені үшін сот алдында жауап берген еді. Сотта әнші кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтып, істі татуласуға байланысты тоқтатуды сұраған. Іс жұбайының кешірім беруіне байланысты жабылған еді.
Бастапқыда сот ескерту жасаумен шектелгенімен, құқық бұзушылықтың қайталанғаны ескеріліп, оған 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
Кейінірек Тұрлыханов жұбайымен бірге видеоүндеу жариялап, көпшілікті алаңдамауға шақырған болатын. Онда Алтынай күйеуін қамқор, мейірімді әке әрі жар ретінде сипаттап, шаңырақта «ыдыс-аяқ сыңғырламай тұрмайтынын» айтып ақталды. Тіпті БАҚ өкілдері мән-жайды толық білмей жатып, күйеуін орынсыз айыптап отыр дегенді алға тартты.
Рахат екеуміздің қарым-қатынасымызда ешқандай мәселе жоқ, бәрі жақсы. Рахат – мейірімді әрі қамқор серік, әке. Барлық отбасындағыдай бізде де кикілжіңдер болғаны рас. Бірақ БАҚ-та оған нақақтан нақақ жала жабылып жатқанын көрдім. Олар мән-жайды жете түсінбестен жазып жатыр. Уайымдаудық қажеті жоқ. Бәрі жақсы, - деді өнер иесінің жұбайы Алтынай.
Беделді әулетке қатысты дау
Тұрлыхановтарға қатысты даулы іс мұнымен тоқтамайды. Еліміздегі беделді отбасының тағы бір мүшесі де бірнеше рет қоғам назарын аударған. Рахат Тұрлыханов – қазақстандық танымал балуан, қоғам қайраткері Дәулет Тұрлыхановтың жиені. Естеріңізде болса, экс-депутаттың ұлы Нұрасыл Болат Алматыда адвокаттар Олег Чернов пен Анна Дмитриевичті соққыға жыққаны үшін айыпталған. Жас жігіттің сүйіктісімен жанжалдасып тұрғанын көрген адвокаттар бойжеткенге араша түспек болған, алайда өздері опық жеп қалды. Ал ең қызығы, Нұрасыл оқиға болған кезде әскер қатарында борышын өтеп жүруі тиіс еді. Ұзақ сот процесінен кейін оған екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, кейін тәртіп бұзғаны үшін бұл жаза нақты мерзімге ауыстырылды.
Рахат Тұрлыханов қалай танылды?
Рахат Тұрлыхановтың өмір жолына келсек, ол 1984 жылы 22 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Биыл 42 жасқа толады. Көпшілік оны «Зимние ливни» әні арқылы таныды. Болашақ өнер иесінің эстрадаға қадамы 1999 жылы «Золотой диск» байқауында өнер көрсетуінен соң басталды.
2000 жылы «Р.А.М.А.Н.» атты алғашқы альбомын шығарып, сонан соң гастрольдік сапарлармен ел ішін аралай бастады. Ал «Золотая монета» әнінің арқасында «Жыл әншісі» атағына ие болса, бейнебаяндары «Жыл клипі» номинациясымен марапатталды. Одан бөлек «Жүрек үні», «Асыл әжем» секілді туындылары ұзақ уақыт бойы хит-парадтардың көшін бастап тұрды.
Ол қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін ән айтып, «One Little Reason» атты ағылшын тіліндегі альбомын да шығарған.
Бірақ 2004 жылы – шығармашылық жолының шарықтау шегінде тұрған шағында Рахат күтпеген шешім қабылдап, шоу-бизнестен кетуге ұйғарды.
Негізі Рахат та әулеттің өзге ұлдары секілді лауазымды қызмет атқарады деп жоспарланған. Оның алған білімі де соған дәлел болса керек. Себебі ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Халықаралық қатынастар» мамандығын, Тұрар Рысқұлов атындағы академияда «Мұнай бизнесін», сондай-ақ Вестминстер университетінде «Әлемдік бизнес және менеджмент» бағыттарын тәмамдаған.
Сол білімінің арқасында кейін бірқатар қызметте болды. Предгорное елді мекеніндегі мұнай базасының директоры атанды, «БНТР» ЖШС-ін басқарды, Ұлыбританиядағы елшілікте үшінші хатшы қызметін атқарды, сондай-ақ Қазақстанның Жастар департаментін басқарды. Кейіннен IT-бизнеске инвестиция салумен айналысты.

