Әнші Мұрат Қожа өзінің бірнеше жыл бойы «түсініксіз аурумен» күрескенін айтты
Қазақстандық танымал әнші, «Нұрлан мен Мұрат» дуэтінің мүшесі Мұрат Қожа өзінің «түсініксіз аурудан» қалай емделгенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өнер иесінің сөзіне қарағанда, ол бірнеше жыл бойы дертпен күрескен, бірақ оның қандай ауру екенін дәрігерлер де анықтай алмаған. Өнер иесі аяқ-қолы істемей қалғанын алға тартқан.
Ауруымды ешкімге тілемеймін. Айтатындай зат емес, құдай сақтасын. Өте қатты нәрсе... Өлім мен өмір арасындағы арпалыс. Жеңе алмайтыныңды түсінетін аурулар болады ғой. Менің ауруым - түсініксіз ауру (еді). Не аяқ істемейді, не қол істемейді. Диагноз жоқ. Алматы мен Астанадағы барлық дәрігерге бардым. Ешкім білмейді. Ең соңында екі қолымды көтерген сияқты болдым. Осымен Аллаға ғана табыстаймын дедім, - дейді әнші.
Мұрат Қожа тіпті дем салдырып та көрген. Осы аралықта ол көп дүниенің қадіріне жеткенін айтады.
Карантин басталып жатқан кез (еді), имамдарға хабарласып, ватсаппен дем салдырдым. Медицина көмектесе алған жоқ. Үмітім үзілді дейтіндей жаман ауру да емес. Адам түсінбейтін нәрсе болды.
Тек Алладан үміт үзбедім. Аяғымнан тұрғызшы деп жалындым. Үлкен сынақ, қатты сынақ болады (қолыңа ештеңе ұстай алмау, аяғыңа тұра алмау...)
Алла көп нәрсені түсіндіру үшін осындай сынақ беретін шығар. Әр нәрсенің қадірін білуді үйреткен ауру болды. Достың, ағайынның, әйелің мен балаңның қандай екенін көрсетті. Бір аурумен бәрінің қадірін ұқтырды. Екі жыл ауырдым. Емі Алладан болды, - деді Мұрат Қожа.