Әнші Bayansulu тағы да сын астында: автор мен орындаушы арасында дау шықты
Қазақстандық шоу-бизнесте тағы бір даулы жағдай қызу талқыға түсті. Бұл жолы мәселе әннің артында тұрған автор мен сахнадағы орындаушы арасындағы әділдікке тіреліп отыр.
Желіде Bayansulu атымен танымал әнші Баянсұлу Сағындықованың негізгі хит әндерінің авторы, композитор Қуат Әбіл ашық мәлімдеме жасап, өз еңбегі үшін қаламақы алмағанын айтты. Оның сөзінше, «Ұмытсам да», «Сондайым бар енді», «Ауа райы», «Күтемін», «Lalala» сияқты көпшілікке танымал әндердің авторы – өзі. Алайда бұл әндер хитке айналып, коммерциялық табыс әкелгенімен, авторға тиесілі ақы төленбеген.
Баянсұлу алғашында келген кезде “Аға, маған ақша керек емес, атым шықса болды” деп айтқан еді. Қолымнан келгенше жұмыс жасадым. Бес бірдей ән жаздым, бесеуі де хит болды. Енді үлкен мәселе – менің әндеріме қаламақы төленген жоқ. Мен тегін жұмыс істедім. Мен талап еткен қаламақымды төлеуден бас тартып жатыр. Маған бірнеше адамдардан қысым болды. Баянсұлудың “егер бұл әндерді мен айтпасам хит болмайтын еді” - деген сөзі маған деген құрметтің жоқтығын көрсетті, – дейді ол.
Бұл сөздің артында тек өкініш емес, жүйелік мәселе жатыр.
Келісім қай жерде үзіліп кетті?
Композитордың айтуынша, бастапқыда тараптар арасында нақты қаржылық келісім болмаған. Яғни, ауызша уағдаластықпен жұмыс істелген. Ал әндер танымал бола бастағанда, қаржылық мәселе қайта қаралмаған. Бұл – шоу-бизнестегі ең жиі кездесетін сценарий: алғашында “бірге өсеміз” деген ниет, кейін табыс келгенде – түсініспеушілік.
Бұған дейін бұл дау YouTube-қа да әсер еткен. Әншінің бірнеше бейнебаяны бұғатталып, орындауға уақытша тыйым салынған. Кейін уақытша келісім жасалып, контент қайта жүктелгенімен, мәселе толық шешілмеген. Даудың жаңа кезеңі әнші продюсерлік орталығын ауыстырғаннан кейін басталған. Композитор жаңа командадан өзіне тиесілі гонорарды талап еткен. Алайда, оның айтуынша, мәселе келісіммен емес, сот арқылы шешілмек болған.
«5 хит жазып, әлі пәтер жалдап жүр»
Бұл оқиға қоғамда қызу реакция тудырды. Әсіресе, эстрада өкілдері композиторды ашық қолдап жатыр.
Продюсер Серік Ибрагимов бұл жағдайға қатысты:
Біраз дүниеден хабардармыз… Адамды өзгерту үшін мансап пен мал жеткілікті деген сөздің дәлелі болғандай болды. Аққа құдай жақ, – деп жазды.
Ал әнші Нұрболхан Шарапов мәселені тіпті ашық айтты:
Бұдан былай ешкімге сенбей, әр әнің үшін ақысын алдын ала ал. Неше жылдан бері хит жазып, әлі күнге дейін бес баламен пәтер жалдап тұрасың, – деді.
Музыкант Жанболат Найзабеков те бұл жағдайдың заңды салдары екенін айтып, бұрыннан ескерткенін жеткізді:
Ақкөңілдігің бір күні зиян болады дегенмін. Енді өзіңді ойлайтын уақыт келді, – деп пікір қалдырды.
Мұндай жағдайда заң не дейді?
Мұндай дауларда ең басты мәселе – жазбаша келісімнің болуы. Егер автор мен орындаушы арасында нақты келісімшарт жасалмаса, кейін дәлелдеу қиынға соғады. Яғни, “ауызша келісім” – шоу-бизнесте ең әлсіз қорғаныс. Ал келісімшарт болған жағдайда, автор әрбір қолдану үшін (концерт, YouTube, эфир) қаламақы талап етуге толық құқылы.
Бұл – бір адамның ғана мәселесі емес
Композитор бес баланың әкесі екенін айтып, бұл жағдайды тек жеке басының мәселесі ретінде емес, жалпы индустриядағы әділетсіздіктің көрінісі деп бағалайды.
Менің меншігімде ештеңе жоқ. Меншігімде – отбасым, бес балам және әндерім ғана бар. Мен өнерге қызмет етіп жүрген адаммын. Ол көмек сұрап келген кезде барымды салып, жақсы әндерімді Баянсұлуға бердім. Жаңа продюсеріне де талабымды айтып, қаламақымды төлеңдер де әндерді орындай беріңдер деп айттым. Қазақ эстрадасына “Баянсұлу” деген ат осы әндер арқылы келді деп есептеймін. Енді, міне ақыр соңында осылай сотқа шақырып жатыр. Қарындасыңдай көріп, бар ынтаңмен жақсылық жасаған адамның осындай соққы жасауы жақсы нәрсе емес. Әнші мен композитордың арасындағы сыйластықтың соңы осындайға келді. Не істерімді білмеймін. Өздеріңіз әділдігін айтыңыздар, – деді композитор.
Әзірге Баянсұлу Сағындықова немесе оның жаңа командасы бұл жағдайға қатысты ресми жауап берген жоқ.
Посмотреть эту публикацию в Instagram

