Жаңалықтар

Анкарада «Қазақ хандығы және Қазақстан» атты халықаралық жиын өтті

Түркі академиясының ұйымдастыруымен Хажеттепе университетінде Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығына арналған «Қазақ хандығы және Қазақстан» атты халықаралық жиын өтті.
10.03.2015 06:13 3352

Түркі академиясының ұйымдастыруымен Хажеттепе университетінде Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығына арналған «Қазақ хандығы және Қазақстан» атты халықаралық жиын өтті. Бұл туралы Түркі академиясының баспасөз қызметінен хабарлады.

Анкарада «Қазақ хандығы және Қазақстан» атты халықаралық жиын өтті

Жиынға Түркиядағы Қазақстан Республикасының Елшісі Жансейіт Түймебаев, Академия президенті Дархан Қыдырәлі, Хажеттепе университетінің ректоры Мурат Тунжер, Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары Абзал Сапарбекұлы, Түріксой бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ, Түркі кеңесі ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ түрік университеті Өкілетті кеңесі төрағасы Осман Хората қатысты.

Пленарлық отырыста сөз алған Осман Хората бүкіл қазақ тарихының қорғану тарихы екенін, қиын кезеңдердің көп болғанын айтты. Хажеттепе университетінің ректоры Мурат Тунжер «қазақ бағынышты болған» деген пікірді қабылдаудың мүмкін еместігін мәлімдеді. Түркі академиясы президенті Дархан Қыдырәлі Түркі тарихы тұтас, Еділ патшасыз, Бейбарссыз түркі тарихын, ал, түркінің тарихынсыз қазақтың та тарихын жазу мүмкін еместігін баса айтты. Яғни, қазақ тарихы түркі тарихының бір бөлшегі. Елші Жансейіт Түймебаев Қазақ хандығының ерекше мәдени, саяси және қоғамдық болмысы туралы айтты.

Секциялық отырыста Түркі академиясы Тіл, терминология және әдебиет орталығының директоры Әділ Ахметов «Шетелдік деректер бойынша Қазақ хандығы» тақырыбында баяндама оқыды. Одан кейін Хажеттепе университеті тарих кафедрасының доценті Еркин Екрем қытай деректері туралы баяндама оқыды. Түркі академиясы президенті Дархан Қыдырәлі Қазақ хандығының түркі әлеміндегі орнына тоқталып, қазақ тарихының жазылуына қатысты маңызды мәселелерді қозғады. Профессор Халук Акалын «Жаңа түркі тілдерінің қалыптасуы және Қазақ тілі» атты баяндама жасады. Еуразия ұлттық университеті дінтану кафедрасының меңгерушісі профессор Әшірбек Мүминов «Қазақ хандығына қатысты жаңа деректер» деген тақырыпта қызықты баяндама оқыды.

Естеріңізде болса, Халықаралық Түркі академиясы (ITA) бұған дейін Қытай астанасы Бейжіңде биыл құрылғанына 550 жыл толатын Қазақ хандығының тарихына қатысты ғылыми жиын өткізді. Қазақ тарихы, оның ішінде Қазақ хандығының мемлекеттік негіздері туралы жан-жақты мағлұматтар берілген алқалы жиынға қытай ғалымдары қызығушық танытқан. Сондықтан мұндай жиындардың өтуі заңды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға