Анбаев қыста Петропавл аңырап кете ме деп алаңдайды
Петропавл әкімі Руслан Анбаев өткен жылдардың тәжірибесіне сүйеніп, жылыту маусымында анықталған негізгі мәселелерді атады, деп хабарлайды EL.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қыста баспаналардың суық болуының бір себебі - пәтерлер мен жертөлелелерде жылыту жүйесі жобасының қолдан өзгертілуі.
Петропавл қаласының қысқы жылыту маусымына әзірлігі жөнінде есеп берген қала әкімі Руслан Анбаевтың айтуынша, орталық жылумен жабдықтау жүйесіне шаһарда 4,5 мың ғимарат қосылған.
Жылу энергиясымен тұрмыстық сектордың 71 мың абоненті және 2,3 мың заңды тұлға қамтылған.
Петропавлда орталық жылу жүйесіне қосылған 1115 көп пәтерлі баспана бар. Қазіргі уақытта жылу қабылдауға техникалық тұрғыдан 430 үй дайын. Ешқандай басқару нысаны жоқ 52 үй бар. Біз оларға тексеру жүргіздік, мұнда соңғы 2-3 жылда жүйелі түрде гидравликалық сынақ және жылу жүйесін жуу жүргізілмегені анықталды. Негізінен бұл 1914 жылдан 1960 жылға дейін салынған 2 қабатты тұрғын үйлер. Бұл үйлерде жылумен жабдықтау жүйесіне күрделі жөндеу жүргізілмеген, ал жылу жүйесі тікелей жылу құбырына қосылған. Салдарынан жылу жүйесін жуып-шаюды қиындатады. Қазір тұрғындармен кездесулер өткізіліп жатыр. Жылыту маусымына дайындық меншік иелерінің міндеті екенін еске салғым келеді, - дейді Руслан Анбаев.
Қала әкімінің айтуынша, өткен жылдың жылыту маусымында баспаналардағы пәтерлердің суық болуының бірнеше себебі анықталған.
Пәтерлерінің суық екендігіне шағымданған 137 өтініштің 14 жағдайында ол үйлер жазда жылу беру маусымына дайындықтан өтпеген. 77 жағдайда пәтерлердегі және жертөлелелердегі жылыту жүйесінің бастапқы жобасы өзгертілген. Осыған байланысты «Петропавл жылу желілері» ЖШС қызметкерлеріне, пәтер иелері және мүлік иелері бірлестігі мен жай серіктестіктер төрағаларына анықталған бұзушылықтарды жою бойынша ұйғарымдар берілді. Тағы 46 өтініш - ішкі желілердегі зақымдарға қатысты түсті. Негізгі себеп - жылу желілерінің тозуына және оларды ауыстыру бойынша жыл сайынғы орындалатын жұмыстар көлемінің жеткіліксіздігіне байланысты, - дейді қала әкімі.
Петропавлда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында биыл 6,3 км жылу желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.